Қызылорда облысында балаларды оңалту орталығы ашылды

Президент биыл «Балалар жылы» деп жариялап, бала құқығының қорғалуына басымдық берді. Осы ретте Қызылорда облысында балаларға арналған оңалту орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін реабилитация курсын қабылдау үшін ата-аналар ақылы қызметке жүгінетін немесе Алматы мен елордаға жолдама күтіп жүретін. Гүлфира Сәрсенқұлованың ұлы 6 жаста. Дәрігерлер тілінің мүкістігі барын анықтаған. Одан бөлек тез ашуға беріледі екен. Соңғы екі жыл бойы көпбейінді ауруханада ем алған. Ал мынадай оңалту орталығына алғаш рет келіп отырмыз дейді.

Гүлфира Сәрсенқұлова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

– Ол кезде оңалту орталығында емес, тек неврология бөлімшесінде жаттық. Тек емшарамен шектеліп келетінбіз. Енді осы оңалту орталығы ашылғаннан кейін келе бастады. Бірақ өте жақсы емдері.

Мамандардың айтуынша, облыста жылына шамамен 2 мыңдай бала осындай оңалту орталықтарының қызметін қажет етеді екен. Бұған дейін олардың сұранысын толық қамту мүмкін болмағандықтан өзге өңірлерге жіберуге тура келген.

Зәуреш Ақсалбаева , Байқоңыр қаласының тұрғыны:

– Ақылыға да көріндік. Көбіне солай ақылы ем аламыз. Одан дұрыс емделмеген деді. Енді осы жаққа жіберді бізді. Аллаға шүкір, ем алып жатырмыз. Дефектолог көрді, логопед емін алып жатырмыз.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының жанынан ашылған жаңа орталық 60 орынға лайықталған. Орталықта сумен емдеудің бірнеше түрі бар. Иммунитет көтеру үшін тұзды шахта мен шунгит бөлмелерінің пайдасы орасан – дейді ақ халаттылар. Ал сенсорлық және интерактивті бөлмелер бүлдіршіндердің буын қимылдары мен ойлау қабілеттерін дамытады.

Алма Бекентайқызы, оңалту орталығының жетекшісі:

– Орталық қызметіне стационардағы науқастармен қатар амбулаториялық ем алушылар тегін жүгіне алады. Мұнда неврология, нейрохирургия, ортопедия-травматология, кардиологиялық емшара жасалады. Бір лекпен 50 бала 21 күн бойы емделеді. Оларға емдік дене шынықтыру, механотерапия және логопед, дефектолог, психолог мамандары қызмет көрсетеді.

Мұнан бөлек, Қызылорда қаласындағы сәбилер үйінен де тұз шахтасы ашылды. Осылайша балалар арасындағы тыныс алу жолдары асқынуының алдын алу, түрлі тері ауруларын емдеуге мүмкіндік туды.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов