Қарағандылық магистрант денсаулық сақтау саласына қатысты тың технология ойлап тапты

Марғұлан Нұртайдың құрылғысы рентгенге түсірілген кеуде суретке есеп арқылы диагноз қоя алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Марғұлан Нұртай «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша магистрант. Соңғы жылдарда елді алаңдатқан пандемия себеп болып, жас ғалым жаңа құрылғыны жасақтауға кіріскен. Бағдарлама үшін ауқымды жүйенің қажеті жоқ. Бар болғаны ғаламтор жүйесіне қосылған компьютер болса жеткілікті.

Марғұлан Нұртай, жоба авторы:

– Ең алдымен нейрондық желінің моделі құрылды. Онда түрлі математикалық тәсілдер ескерілді. Ғаламтор порталындағы 3 мың рентгендік суретті алып, нейрондық желіні оқыттық. Ол үшін біз техниканы өзіміз жасадық.

Компьютерге нейрондық желіні енгізу әрекеті 1988 жылы басталыпты. Содан бері әлем бойынша ғалымдар осы ғылыми жаңалықты дамытып келеді екен. Десе де бұл сала әлі толық жетілмеген көрінеді. Сандық суретті оқыған кезде роботтан гөрі адам интелектісі маңызды дейді мамандар.

Мұхтар Әбілдин, Қарағанды облысының бас рентгенологы:

– Әлбетте диагноз қойып, суретті тануда жоғары жылдамдық бар. Бірақ маманның көзімен қарайтын интелект болмағандықтан, оған толық сенім артуға болмайды. Қалыпты жағдай мен белгілі бір потологияны ажыратуда маманның өзі болғаны абзал. Адам денсаулығы аса маңызды, сондықтан біздің шешіммен компьютерлік диагнозды салыстыра отырып көрсе артық болмайтын еді.

Бағдарлама авторы Қазақстанда жасанды интеллекті әлі де жақсы дамитынына сенімді. Сондықтан өзі ойлап тапқан бағдарламаны да әлі де жетілдіре түспек. Кейін дәрігерлерге жақсы көмекші боларына сенімді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев