Германия Украинаға гуманитарлық көмек жіберді

«Соғысқа жол жоқ!». Берлинде осындай ұранмен Украинада бейбітшілік орнатуды талап еткен шерулер өтті. Ереуілшілер арасында саясаткерлер, кәсіподақ өкілдері, экобелсенділер, түрлі диаспора мүшелері бар. Көбі қолына Украина туын ұстап шыққан. Бұл акцияға басында 20 адам тіркелген. Кейін кісі қарасы миллионнан асып кетті. Полиция көшеге осыншама көп адам шығады деп күтпесе керек. Осының салдарынан көлік кептелісі пайда болды.

Германия Украинадағы соғыстан қашқан босқындарды қабылдай бастады. Бұдан бөлек, гуманитарлық мақсатта қаржылай және заттай көмек жиналып жатыр. Бұл іске неміс ұйымдары мен осы елдегі украин диаспорасы мұрындық болған. Қабылдау бекеттері Берлиннің бірнеше жерінде ашылды. Еріктілер демалыссыз жұмыс істеуге кіріскен. Олардың айтуынша, көмек қолын созуға тілек білдірушілер саны өте көп. Адамдар жылы киім, азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тағамын әкелуде. Қазірдің өзінде жүздеген тонна зат жиналған. Алғашқы жүк көліктері Украинаға аттанып та кеткен. 

Яна, Берлин тұрғыны:

– Көрпе, жылы киім және кішкентай балаларға арналған қысқы аяқ киім әкелдім. Достарыма да хабарласып, көмектесіңдер деп жатырмын. Әзірге қолымыздан келетіні осы.

Пауль, қолдау шарасын ұйымдастырушы:

– Украинада қасірет болып жатыр. Халық босып кетті. Бәрін көріп отырмыз. Оларға көмек ауадай қажет. Бір күннің ішінде біз 22 тонналық жүк көлігін қажетті затқа толтырдық. Ертең тағы біреуін толтырамыз. Бұл жүк көліктері сәрсенбіде Украина шекарасына жетеді.