Мәжіліс Төрағасы Ақмола облысындағы түйткілді мәселелермен танысты

Аграрлық салаға қажет мамандарды даярлау, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын ретке келтіру және медициналық қызмет сапасын арттыру. Жұмыс сапары кезінде Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Ақмола облысындағы қордалаған осы және өзге де мәселеге қанықты. Сондай-ақ өңірдегі бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысты.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Шортанды ауданы Бозайғыр ауылындағы мектеп-интернатына барды. Оқу орны ауылшаруашылық саласына механизатор, дәнекерлеуші, қоғамдық тамақтандыру мамандарын даярлайды. 500-ге жуық жасты оқытуға арналған мекемеде бүгінде 148 адам білім алып жатыр. Қазір бұл оқу орны материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды әрі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұр.

Дәурен Жапар, колледж оқытушысы:

– Бірінші ғимаратта бізде оқу процесі жүргізілді. Оқу кабинеттерінде ғана жүргізілді. Ал зертханаларда күрделі жұмыстар жүргізілмеген. Болашақта жүргізіледі деп ойлаймыз. Жастарды оқытуға арналған көлік құралдарының арнайы макеттері керек.

Оқытушылар мен студенттердің жағдайымен танысқан Палата Төрағасы жастарға көбірек көңіл бөлудің, әсіресе жұмыспен қамтудың маңызын айрықша атады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Қасіретті қаңтарды өттік. Содырлар, террористер біздің жап-жас балаларды пайдаланды. Соған жол бермеу үшін жастарға жұмыс беріп, өнімді еңбекпен қамтамасыз етуіміз қажет. Жастардың болашаққа аяғын нық басуы үшін мамандық беру керек. Осындай мамандықты беретін оқу орындары. Сондықтан біз республика бойынша осы саладағы орта арнаулы білімді дамытуға жағдай жасап жатырмыз. Шынында да қаңтар оқиғасында Президенттің батыл шешімдері болмаса, біз бүгін болашақтың мәселесін талқылап тұрмайтын едік.

Бұдан кейін Мәжіліс төрағасы Степногорск қаласының жылу электр орталығына барды. Мұнда тұрғындар коммуналдық мәселердің барын айтып, өз талап тілектерін жеткізді. Ерлан Қошанов шаһардың жай-күйінен, әсіресе магистральдық желілердің тозығы жеткенінен хабардар екенін айтты. Тұрмысты түзеуге қатысты құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Өйткені Мәжіліс осыған сүйеніп Үкіметке тиісті сауал жолдайды. Ерлан Қошанов Бөгенбай батыр атындағы  олимпиадалық резерв мектеп-интернаты-колледжінің жағдайымен де танысты.

Алматыда көтерілісті ушықтырмай, осылай, міне, еліміздің тыныштығын сақтағаны үшін ел Президентімізге халықтың атынан мың да бір алғысымыз шексіз деп айтамын.

Сапар соңында облыс дәрігерлерімен кездесіп, медицина саласының түйткілді мәселелеріне қанықты. Бұл орайда мемлекет пен бизнестің ынтымақтастығының тиімділігіне тоқталған Ерлан Қошанов мемлекеттік-жекеменшік әріптестік (МЖӘ) мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануды ұсынды. 

Гүлзия Нақыпқызы, Бақыт Топтаева