Соңғы үш жылда жасалған қылмыс кезінде 600-ден астам рет қару қолданылған

Соңғы 3 жыл ішінде ел аумағында тіркелген 545 мың қылмыстық құқық бұзушылықтың 600-ден астамы атыс қаруымен жасалған. Көп жағдайда заңсыз айналымдағы қару-жарақ қолданылған. Бұл Ішкі істер министрлігі таратқан дерек. Осыған байланысты үкіметке депутаттық сауал жолдаған сенатор Андрей Лукин атыс қаруын сақтау және қолдануға қатысты талапты күшейтуді ұсынды.

Ішкі істер органдарының мәліметі бойынша елде тіркелген заңды қару-жарақ саны 303 мыңнан асады. 2 мыңнан астам заңды тұлға атында 37 мыңға жуық қызметтік қару бар. 2019 және 2021 жылдар аралығында атыс қаруы бойынша талапты дұрыс сақтамаған 45 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындау мақсатында травматикалық, пневматикалық және қосалқы бөлшектері толық емес қару-жарақты заңсыз тасымалдағандарды, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық саудалағандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Нысандардың техникалық беріктігі бойынша талапты күшейту қажет. Заңсыз айналымдағы қару-жарақты уақытылы тәркілеу шараларын қамтамасыз еткен жөн.

Сонымен қатар медициналық тексеруден өту тәртібі де күшейтіледі. Психологиялық тест өткізіп, болашақ қару иесінің мінез-құлқына және сабырлығына баға беріледі. Өткен жылы Ресей Федерациясында бірқатар мектепке қарулы шабуыл жасалғаны есімізде. Осы оқиғаларға байланысты қаруды иемденуге жас мөлшерін ұзарту талаптары қойылуы мүмкін.

Асылбек Ыдырысов, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің бөлім басшысы:

- Тегіс ұңғылы аңшылық қаруға 18 жастан 21 жасқа дейін. Сондай-ақ тегіс ұңғылы жартылай автоматты және ойық ұңғылы қаруды 21 жастан 24 жасқа дейін жас мөлшерін жоғарылату көзделіп отыр.

Ішкі істер органдарының есебі бойынша елде қару-жарақ сататын 103 мамандандырылған сауда орыны бар. Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда 7 дүкенге шабуыл жасалып, бүлікшілер мыңнан астам қару әкетті. Бірақ қолды қылғанымен қолдануы екіталай, дейді сарапшылар. Өйткені атуға жарамды толық арсенал арнайы қоймада сақталған. Қаскөйлер оны аша алмапты.

Сергей Катнов, «Қорамсақ» қару-жарақ қауымдастығының атқарушы директоры:

- Бұл дүкенге алғашында 50-ге жуық адам келді. Әрекетінен ұйымдасқан қылмысты байқадық. Қару-жарақ сататын негізгі залға кіруге олар 4 сағат жұмсады. Бірақ есігі берік қоймаға 2 тәулік бойы кіре алмады. 2016 жылдың жазында Ақтөбеде болған жағдайдан кейін біз бірден алдын ала қамданғанбыз. Біздегі дабыл пернесін басқаннан кейін қауіп белгісі полиция қызметі мен күзет фирмасына жетіп, арнайы қоймалардың есігі тас құлып жабылады. Түймені басқан адамның мойнына пышақ тақаса да есікті ашу оның қолынан келмейді.

Кейінгі 3 жылда әскери мақсатта өзгертілген 129 атыс қаруы тәркіленді. 15 жасырын цехтің жұмысы тоқтатылды.

Мирлан Алтынбек