Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген ауылында тіршілік нәрі тапшы. Құбырдан су ақпай қалғанда әкімдік суды тұрғындарға көлікпен тасиды. Ал халықты тіршілік нәрімен қамтуға жауапты «Бастау» серіктестігі міндетін дұрыс атқармайды, дейді түргендіктер.
Түрген ауылының тұрғыны Ольга Лопатинаның үйінде су бірде ақса, бірде ақпайды. Сондықтан амалдың жоқтығынан арнайы орнатылған су сорғыны қолдануға мәжбүр. Кейбір күндері сырттан шелектеп тасып, әлек болады. Біраз жылдан бері су тапшылығын көріп келе жатқан тұрғындар мәселені ауылдық әкімдікке айтумен-ақ келеді. Бірақ бір көшеде су үздіксіз ағып тұрса, басқаларында тоқтап қалады.
Гүлзада Үсенова, ауыл тұрғыны:
- Бізде су жоқ. Мына қар қалай ериді бізде жоқ. Ал бірақ біздің жоғарымызда Қонаевта су бар. Бізде жоқ осы домдарда міне осы магазин барлығында жоқ.
Жамалхан Балтабаева, ауыл тұрғыны:
- Жазда бір тал су жоқ. Бүткіл огород қурап кетті. Өзіміз су тасып, шелек көтеріп қаңғып жүреміз. Ал қыста су бар. Сол үшін каналдың трубасын жаңартсын деп айтамыз.
Түрген ауылдық округін екі мекеме сумен қамтамасыз етеді. Бірі «Есік су» мемлекеттік мекемесі болса, екіншісі «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. «Есік су» 1400, ал «Бастау» 1800 абонементке су жеткізу қызметін атқарады. «Бастау» серіктестігіне тиесілі құбырлар әбден ескірген. Жылда әр жері тесіліп, жөндеу жұмыстары атқарылады. Сондықтан тұрғындарға су бармай қалады. Серіктестіктің жұмысына қатысты сын көп. Компания басшылары тұрғындармен кездесуден қашады.
«Сондай-ақ биыл «Түрген» бастапқы су жинақтау орнында да су аз. Бірақ ауыл сусыз қалмайды. Қазіргі уақытта бір жарым шақырым құбыр жөнделіп жатыр», - дейді әкімдік өкілдері.
Мәди Бейсембаев, Түрген ауылдық округі әкімінің орынбасары:
- Біздің есеп бойынша бізге 50 шақырым керек. Оның 24 шақырымы «Есік су құбырында. 30 шақырымдай су құбыры «Бастау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде. Соны нетсек сонда жалпы 55 шақырым жаңа су құбырлары орнатылады. Ол мына бар 24-ке тағы да 30 қосылады деп отыр. 70-жылдары салынған құбырлар ғой. Олар өз жұмысын атқарды. Арасында бұзылады, сынады, жарылады дегендей. Ондай кезде біз дер кезінде хат жолдаймыз сол жұмыстарды атқаруға.
Әрине 15 мың тұрғыны бар Түргендегі ауыз су мәселесін түбегейлі шешуге бірнеше жыл уақыт кетеді. Қазір су тапшылығын ауылдың тең жартысы сезініп отыр. Өткен жылы жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілген. Дегенмен, жаңа су құбырының қашан тартылатыны әзірге белгісіз.
А.Садуақас, В. Лобанов