«Қазақстан халқына» қорына түскен 30 мыңнан астам өтініштің 70% кері қайтарылған

Бір айда «Қазақстан халқына» қорына түскен 30 мыңнан аса өтініштің 70 проценті кері қайтарылған. Оған өтінімдердің дұрыс толтырылмауы, сондай-ақ қор құзіретіне кірмейтін жәрдем түрлері талап етілуі себеп.

«Қазақстан халқына» қоры 4 бағытта қолдау көрсетеді. Ол денсаулық сақтау, білім беру, спорт және мәдениет нысандарымен қамту, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде зардап шеккендерге көмектесу. Қазір қор бірқатар маңызды жобаны қолға алды. Өңірлерде тірек-қимылы бұзылған балаларға арналған дене шынықтыру кешендерін салу, сирек кездесетін ауруға шалдыққан балаларға қымбат дәрі-дәрмек алу көзделіп отыр. Қазақстанда 40 мыңнан аса арқа-бұлшық еті артрофиясы бар науқас тұрып жатыр, оның 27 мыңы бала. Қор жетекшілері сирек кездесетін ауруға шалдыққан азаматтарды назардан тыс қалдырмайды. Бұл бағытта келген өтініштер жіті қаралып жатыр.

Ләззат Шыңғысбаева, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары:

- Біз ешкімге үй сатып алып бере алмаймыз. Өздеріңіздің кредиттеріңізді біз банктерге жауып бере алмаймыз. Қиын жағдайда отырған халқымыз бар. Отбасылар бар. Олардан түсіп жатқан өтінімдерді мұқият қарап жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдармен жұмысымызды бастап кеттік. Ол кісілерден 2 наурызға дейін және 5 наурызға дейін біраз ұсынысты күтеміз. Жергілікті түрде қандай осы отбасыларға көмек керек? Ол бағдарламаларды қарап, оның қорытындысын жеткізіп отырамыз.

Қазір «Қазақстан халқына» қорынан қаңтар оқиғасында бақилық болған 21 ішкі істер органы қызметкерлері, әскерилер, ұлттық қауіпсіздік саласы мамандарының отбасына, жарақат алған 94 қызметкерге, сондай-ақ қайтыс болған 3, зардап шеккен 4 баланың отбасына көмек көрсетіледі. Бұл тізімде оқиға кезінде жазықсыз оққа ұшқандардың жанұясы да бар. Қаңтар оқиғасы бойынша тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ.