Жол тазалығына жауапты ақтаулық қыз-келіншектерге құрмет көрсетілді

Өңірдегі ассамблея өкілдері жол тазалығына жауапты қыз-келіншектерге шаштараз, сұлулық қызмет түрлерін тегін ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айталық, үнді этно-мәдени бірлестігінің өкілдері түрлі сортты шай демдесе, қырғыз ағайын ұлттық ас-сусынды ақ дастарханға қойды. Коммуналдық мекеме қызметкерлері сол жерде қан қысымын өлшетіп, дәрігерлерден кеңес те алды. «Қай салада қызмет етсін, әйел затының сұлу болып жүруі өз қолында. Күйбең тірлікте ажарын күтуге уақыты бола бермейді. Сол себепті осындай сыйлық жасауды шештік», – дейді ұйымдастырушылар.

Амангүл Жайылханова, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы:

– Күнделікті жүретін жолымызды, жерімізді әдемілеп тазартып жүрген жаны таза жандарға біз өзіміздің мың алғысымызды білдіріп, онымен қоса концерттік бағдарлама әзірледік. Біздің әншілеріміз оларға өлеңмен алғысын білдіріп жатыр.

Гүлбахар Төлеумұратова, коммуналдық мекеме қызметкері:

– Мұндай қуанышты күні аяқ астынан болғаннан кейін күткен жоқпыз. Рахмет, сау болсын. Күшті әсер алдық, концерт көрдік. Қуанышты көңіл-күймен енді жұмысқа барамыз.