Құрылыс кідірсе, үй қымбаттап кетпей ме?

Валюта бағамы тұрақталмаса, құрылыс нарығындағы ахуал қиындайды. Бұл туралы құрылысшылар қауымдастығының өкілдері мәлімдеді. Себебі қажет материалдар мен құрал-жабдықтардың 60 проценті шетелден келеді. Елде тек бетон, кірпіш, газоо-блок сынды құрылыс материалдары шығады. Ал жоғары технологиялы материалдар жоқтың қасы.

Былтырдан бері баспана бағасының шарықтауы рекордтық көрсеткіштерге жетіп жатыр. Оған сұраныстың жоғары болуымен қатар, құрылыс материаладарының құны тікелей әсер етеді. Салдарынан тек соңғы бір-екі айда бір шаршы метрдің бағасы 5-7 процентке қымбаттады. Ал, Украинадағы ахуалдың салдарынан құрылыс материалдары тіптен қолжетімсіз болуы әбден мүмкін. Себебі, қазіргі курспен сауда жүргізу тиімсіз, - дейді мамандар.

Виктор Мирюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:

– Біздегі құрылыс нарығы импортқа тәуелді. Материалдардың басым бөлігі Ресей, Түркия, Қытай және еуропа елдерінен әкелінеді. Егер қазір валюта бағамы тұрақталмаса, бұл тауарлардың бағасы күрт өседі. Салдарынан жеке компаниялар пәтер құнын қымбаттатуға мәжбүр болады. Кейбіреулері құрылысты мүлдем тоқтатып қойса да таң қалмаймыз. Бірақ Ұлттық банк тиісті шаралар қабылдап, теңгеміз бұрынғы көрсеткішке дейін түседі деген үміттеміз.

«Әлі салынбаған құрылыстың жағдайы түсінікті. Бұл ахуал тіпті салынып қойған баспананың бағасына да ықпал етуі кәдік»,– дейді кейбір сарапшылар. 

Ерік Мұсатаев, тәуелсіз сарапшы:

– Қазір көптеген құрылыс компаниясы сатылымдарын тоқтатты. Доллар қымбаттағандықтан, олар өз бағаларын қайта есептеп жатыр. Кеше ғана 25 миллион теңге тұрған пәтер бүгін 37 миллионға сатылады. Өткен аптаның соңында ел азаматтары да үйлерін сатуды тоқтатты. Ол пәтерлер де қымбаттайтыны анық. Банктерге келетін болсақ, 3 қаржы ұйымы қазір ипотека бермейді. Олар да нарықтағы ахуалдың реттелуін күтіп отыр.

Иә, баспана нарығына қатысушылар әліптің артын бағып отыр. Ал бұған сала мамандары не дейді? Оны да сұрап білдік. Құрылыс нарығын зерттеуші мамандардың пікірінше, тығырықтан шығу үшін елде жоғары технологиялар қолданылған құрылыс материалдарын көптеп шығару керек. Әйтпесе, қазіргі таңда бұл тауардың 60 проценті шетттен әкелінеді. Сондықтан мамандар, елде өндірістің осы түрі дамыса, баспана да арзандайды деген пайымда. 

Дариға Ташенова, Артур Горшняков