Заңсыз әрекет жасаған полицейлер жауапқа тартылады – Мәжіліс төрағасы  

Азаптауларға қатысты заңсыз әрекет жасаған полицейлер жауапсыз қалмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осылай деді. Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілердің сауалына жауап берген Мәжіліс спикері қаңтар оқиғасына қатысты тергеу жұмыстары депутаттардың басты назарында екенін айтты..

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

– Заңнама және сот комитеті Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларына шығып кездесу өткізді. Тергеу изоляторына ұсталған азаматтармен, олардың ата-аналарымен, қорғаушыларымен кездесіп зерттеді. Күмән туғызатын мәселелердің бәрін прокуратура органдарына берді. Бүгінде депутаттар осы мәселені бақылап отыр. Тергеу жүріп жатыр, тергеу амалдары аяқталған соң бағасы беріледі. Егер полиция қызметкерлері заңсыз әрекетке барған болса, онда жазаға тартылады.