Қаңтар оқиғасы: 199 адам босатылды   

Бас прокуратураның мәліметінше, қаңтар оқиғасы кезінде 4 мыңнан астам адам әртүрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 2 мың 402-сі полиция қызметкері, ал мыңға жуығы әскерилер. Бұл туралы бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты. 5 қаңтарда Ақтөбе облысы әкімдігінің алдында «ВАЗ 21-014» маркалы көлігіне отырып, жоғары жылдамдықпен полиция қоршауын бұзған азаматтың жеке тұлғасы анықталды. Қазір күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Осы оқиға салдарынан 4 тәртіп сақшысының денсаулығына зақым келіп, ауруханаға жатқызылды. Алматы қаласы әкімдігінің алдында полиция қызметкерлерін резеңке шоқпармен соққыға жыққан бұзақы да қолға түсті. Сондай-ақ Алматыда банкоматты бұзып, ішінен 1 млн теңгеден астам ақшаны қолды қылған екі түркістандық ұсталды.

Санжар Әділов, ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы:

– Бүгінгі таңда ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2997 қылмыстық іс бар. Олар бойынша сот санкциясымен 194 адам күзетпен ұсталуда. Олардың көпшілігі атап айтсақ, 152 адам жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасаған. 22-сі қаруды заңсыз сақтағаны және 24-і қаруды ұрлағаны үшін қамаққа алдынды. Жеке бас пен қылмыстың ауырлығын ескере отырып, күдіктілерге бұлтартпау шарасы үй қамаққа, ешқайда кетпеу және дұрыс мінез-құлық туралы қолхат беруге өзгертіліп, адамдар күзетпен ұстаудан босатылуда.