СҚО-да 85 ауылды су басуы мүмкін

Қазір құтқарушылар бұл елді мекендерді бақылауға алып, көктемгі тасқынның алдын алу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апат айтып келмейді. Бірақ қауіптің келетіні бар. Оны Петропавл іргесіндегі Тепличное ауылының тұрғындары жақсы біледі. Елді мекенде 240 үйді су басуы мүмкін. Қазір мұнда бұған дейін салынған бөгет биіктетіліп жатыр.   

Қайсар Әмірин, Қызылжар аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

– 10 мың текше метр материал алынып отыр. Сол қазір міне, енгізіліп, осы жерге әкелініп тасылынып жатыр. Осы материалды кейінірек су бөгетінің үстіне тағы да  бекітіледі.

Көктемде кіші өзендер мен еріген қар Сергеев су қоймасын толтырады. Топан су ернеуінен асқан соң Есіл өзенімен 18 ауылды бойлай облыс орталығы – Петропавлға жетеді. Қазір қалада 200 шақырым суағар тазартылып жатыр. 

Павел Булаев, су тазарту мекемесінің директоры:

– Бүгінгі күні суағарлардың жартысы қар мен мұздан тазартылды. Орталық көшелерді аяқтадық. Енді қаланың шеткі аудандарына көшеміз.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында су басуы мүмкін деген 85 ауыл бақылауға алынды. Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің айтуынша, биыл Сілеті өзенінің бойындағы қар қалың. Оған қойманың суы қосылса қос бүйірден қысуы мүмкін.

Рамиль Камалов, облыстық ТЖД басшысы:

– Сілеті өзені Уәлиханов ауданындағы Қаратал мен Қулыкөл ауылдарына қауіп төндіреді. Сондықтан ол жаққа жұмыс тобын алдын ала жібереміз. Қазір қалың қар ери бастады. Нақты жағдай наурыз айында белгілі болады.

Өңірде көктемгі тасқынның алдын алу мен оның зардабын жою үшін 675 млн теңге қаржы қоры құрылды. Синоптиктердің айтуынша, осы айда қар жиі жаууы мүмкін. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов