Ұлттық кеңес мүшелері денсаулық сақтау министрімен кездесті

Бүгін Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятпен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өз сөзінде министр «Дені сау ұлт» Ұлттық жобасының іске асуы, өңірлердегі медициналық нысандардың жаңғыртылуы, медицина саласына қажетті мамандарды даярлау мен олардың жалақысын көтеру, ауыл тұрғындары мен балалардың профилактикалық тексеруден өту мәселесіне тоқталды. Өз кезегінде Ұлттық кеңес мүшелері денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерге назар аударып, министрге өздерінің сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды. Жиын қорытындысы бойынша қоғам белсенділері мен ведомство басшылығы кездесуде қозғалған мәселелер бойынша алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Мұрат Әбенов, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

Міндетті түрде сақтандыру медицинасы деген бар. Ауыл адамының көбісінің күнделікті жұмысы жоқ мысалы. Жазда жұмыс істейді, қыста жұмыс істемейді, ақша салмайды, сол себептен көп адамдар сол 2 трлн ақшаға қордан жиналған олардың қолжетімділігі төмен. Сол себептен біз бүгін айтып отырмыз ауылдың тарифтерін көтерейік. Көп беретін қызметтерді ақылы түрінен тегін түріне ауыстырайық. Бәрібір мемлекеттің ақшасы ғой. Қазір оны министр де қолдады.