Ресеймен шекарадағы ауылдар қолдауға зәру

Қостанай облысында соңғы үш жылда 54 ауылдық округ оңтайландырылып, отызға тарта ауыл таратылған. Оның ішінде шекараға таяу елді мекендер де бар. Мысалы, былтыр Қарабалық ауданының Новотроицк ауылдық округына қарасты үш ауыл ресми түрде жабылды. Тағы біреуі кезекте тұр.

«Жаңа ауыл» деп аталатын елді мекен Ресеймен шекара түбінде орналасқан. Өздеріңіз көріп отырғандай, Тройцк электр станциясы, қазақы тілмен айтсақ, таяқ тастам жерде ғана. Кезінде инфрақұрылымы дамыған, Кеңес Одағына әйгілі бордақылау алаңы болған елді мекен бүгінде карта бетінен жойылып кетудің сәл алдында тұр. Кезінде мұнда 1600 дей адам тұрса, қазір 13 үй ғана қалыпты.

Бір кездері мұнда тұрмыс-тірлік қыж-қыж қайнап жатты дегенге сену қиын. Сол бір заманның белгісіндей бүгінде қираған қора-қоймалардың, үй-ғимараттардың орны ғана қалған. Осы ауылдың байырғы тұрғыны Кенжегүл Нұрмағамбетова сырты бүтіндеу деген бір базаны бұзып әкетпесін деп күзетіп жүр екен.  

Кенжегүл Нұрмағамбетова,  ауыл тұрғыны:

– Бәрін бұзып әкетті. Қираған үйінділер қалды. Екі қабатты мектеп, балабақша, дүкен болып еді. Қазір ештеңе жоқ. Нанды аптасына екі рет тасып әкеліп, үйді-үйге таратады.

«Жаңа ауылда» қалғандардың дені – зейнеткерлер. Олар туып-өскен жерлерін қимайды. Қайта түлегенін қалайды. Екі жыл бұрын Маңғыстаудан Алтынбек Есполов деген азамат көшіп келгенде, бұл жақтағылар қуана қабылдады. Оның ойы – осы ауылда мал шаруашылығн дамыту. Сол үшін қой, жылқы жинап, базаларды жөндеуге кіріскен. Бірақ бір түйткіл, жайлым жер тар. 

Алтынбек Есполов, кәсіпкер:

– Мал жайылатын жер аз. Бәрі егістік. Маңғыстаудан келетін адамдар бар. Қазір бізде бір адам бар. Осы жылда отбасымен келеді.

«Жаңа ауыл» Новотроицк деп аталатын ауылдық округке қарайды. Нақты есеп бойынша округ аумағында сегіз елді мекен бар. Бірақ...

Берік Боқаев, Новотроицк ауылдық округінің әкімі:

– Сегізден ауылдың қағаз бойынша үшеуі жабылды былтыр. Ол Жамбыл, Мағынай, Қайрақ деген ауылдар. Енді биыл «Жаңа ауыл» жабылады. Қағаздарын дайындап жатыр.

Округ орталығы Новотроицкінің басқаларға қарағанда жағдайы оңды. Орта мектебі бар, Мәдениет үйі жұмыс істеп тұр. Бірақ мұнда да шешімін күткен мәселелер аз емес. Ең бастысы, ауызсу тапшы. Сосын іргесінен газ құбыры өтіп тұрса да, жергілкті халық көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. 

Бірімжан Есенқұлов, Новотроицк ауылының тұрғыны:

– Жеке кәсіпкерлерден жаздырып аламыз тұшы суды. Сосын жаздыгүні скажинадан аламыз. Қыстыгүні бермейді. Бухгалтериядан қағаз жаздырып аламыз. Газ болса, бұл ауылдан ешкімде кетпес еді. 

Ауыл әкімі биыл Новотроицкіге орталықтандырылған су жүйесі өткізілетіндігін айтты. Енді газ енгізіп берсе деген өтініші бар. Жақында Үкімет басшысы Әлихан Смаиловтың шекара түбіндегі 200-ден астам елді мекенге стратегиялық маңыз беріледі деген мәлімдемесі мұндағылардың болашаққа деген үмітін оятқандай болды.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенбер