Жас мамандардың жұмыссыздығы алаңдатады – Б.Исабаев

Жыл сайын жоғары оқу орындары мен колледж түлектерінің 30 проценті жұмыссыз қалады.

Сенат депутаты Бейбіт Исабаев осылай дейді. Ол бүгін сенаттың жалпы отырысында Үкіметке халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, жыл сайын елімізде диплом алған әр бір үшінші жас маман «екі қолға бір күрек таба алмай» сабылады. Ал жұмыс тапқандардың көбі өз мамандықтары бойынша емес, біліктілігі мен жалақысы төмен қызметке орналасуға мәжбүр. Ал еліміздегі орта және шағын бизнесте жұмыспен қамту үлесі азайып кеткен. Бұл мәселелерді жүйелі түрде шешу жөнінде шаралар қабылдау қажет дейді.

Бейбіт Исабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Елімізде қалыптасқан еңбек нарығының бүгінгі жағдайына терең, жан-жақты талдау жүргізу қажет. Жалпы халық санының, жаңа еңбек ресурстарының өсу динамикасын еліміз экономика секторларының өсіммен тікелей байланыстыра отырып, алдағы 5 жылға еңбек ресурстарына сұраныстық болжам жасалуы тиіс. Оқу орындарының бағдарламалары мен стандарттарын осы сұранысқа, жұмыс берушілердің өндірістік дағды-талаптарына сай әзірленгенінде ғана еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігіне қол жетеді.