Оралда жүргізушілер жол сапасына наразы

Оралда жүргізушілер автокөлік жолдарының жағдайына наразы. Қаланың басты көшелері мен магистарльді айналма жолдарда қозғалу өте қиын. Кей тұстарда пайда болған ойықтар жол-көлік апатына да жиі себепкер болып жатады. Айта кету керек, былтыр қалаішілік жолдарды күтіп ұстауға 350 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ нәтиже шамалы.

Бұл Әбілхайыр хан даңғылы. Күре жол болған соң көлік ағыны бір де толастамайды. Бірақ жолдың беті ойдым-ойдым. Сол себепті көлік қозғалысына кедергі көп.

Мирхан Тоқтамысов, қала тұрғыны:

- Жол шамалы, нашар, тесік шоқалақ асфальт. Әбілхайыр хан даңғылы жаман, Шолохов жаман. Ходовкасы жиі ауысады, жөндеу керек жолды тездетіп.

Есенаман Тоқсанов, қала тұрғыны:

- Былай қарасаң жөндеп жатқан сияқты көрінеді. Бірақ 1-2 жыл өтпей жолдардың жағдайы осындай күйге түседі. Көктем шығысымен асфальтымыз да еріп кетеді. Бұл проблеманы түпкілікті шешу керек қой.

Талғат Серікқалиұлы:

- Шолохов көшесіндегі трасса бойы да шұрық-тесік. Бұл қар еріген сәтте пайда болатын жылдағы көрініс. Жол апаты да жиі тіркеледі. Ал көліктер ойық пен шұңқырларды айналып өтуге мәжбүр.

Әбілхайыр хан даңғылындағы жолды мына секілді техниканың көмегімен жөндеп жатыр екен. Бірақ одан жол сапасы жақсарып кетпейтіні көзге ұрып тұр. Ал сапаны қадағалайтын орталық мамандары жолдардың мұндай күйге түсуіне бірнеше себеп бар дейді.

Дәурен Әміров, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы"  БҚФ инженері:

- Негізі үш себебі бар. Ол капитальный ремонт жұмыстары жасалғаннан кейін орташа жөндеу жұмыстары уақытылы жасалмайды. Тапсырыс берушінің айтуынша, қаржының жеткіліксіздігі дейді. Екінші себебі қысқы күтіп ұстау жұмыстары уақтылы жасалмайды. Үшіншіден, қала көшелерінде инфрақұрылым инженерлік сетьтерді тарту кездерінде труба салады, канализация ауыстырады. Асфальт жабыны бұзылады, технологиялық нелер қадағаланбайды.

Гүлсана Бердіғали, қалалық ТҮКШ жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Ауа райының қолайлы мезгілі туындаған кезде жұмыстар басталатын болады. Бөліммен тағы да 13 көшенің жолын жөндеу мақсатында Жобалық-сметалық құжаттама жасақталған. Олардың ішінде 2-жұмысшы шағын ауданы, ескі аэропорт ауданы, қаланың орталық көшелері, сонымен қатар Деркөз және Зашаған кентіндегі көшелерінің жолдарын жөндеу жоспарланған.

Бұл мақсатқа биыл 300 миллион теңге қаржы бөлінді. Жобаларды жүзеге асыру бойынша оң шешім шыққан кезде жұмыстар басталады. Сонымен қатар қосымша 13 көшенің жолын жөндеу мақсатында қаржы бөлу көзделген. Осы қаржы есебінен Алматы көшесіндегі жолды қайта салу жоспарда.

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов

Сондай-ақ...