Талдықорғанда үйірмелерге қаржы бөлудің тоқтауына байланысты Президентке петиция жолданды

Алматы облысында тегін үйірмелерді қаржыландырудың тоқтауына байланысты белсенділер мемлекет басшысының атына петиция жолдады. Қазірдің өзінде оны 11 мыңнан астам адам қолдап, қаражат қарастыруды сұраған.

Айта кетейік, көктемнің алғашқы күнінен бастап, өңірдегі спорттық және шығармашылық орталықтарға мемлекеттік тапсырыс негізінде бөлінетін ақша таусылғаны туралы ескертілген еді.

Талдықорғандағы бұл орталық өткен жылдың маусым айында ашылған. Мұнда жұмыс істейтін он бес үйірмеге мың шақты бала қатысады. Қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты тығырыққа тірелген ұйым жетекшісі енді не істерін білмей әлек.

Кәмилә Алматқызы, орталық жетекшісі:

- Егер қаражат төленбесе біз жұмысымызды тоқтатуға мәжбүр боламыз. Өйткені мұғалімдерді жалдап, ғимаратты жалға алып отырмыз.

Облыста осындай 400-ден астам шығармашылық және спорттық орталық тіркелген. Олар 2600-ге жуық үйірме ашып, жүз мыңға жуық баланы жаттықтырып, білімін жетілдіріп, қарым-қабілетін шыңдап жатыр. Егер аталған ұйымдар жұмысын тоқтатса, тәлімгерлер жұмыссыз, жеткіншектер үйірмесіз қалады.

Ләтипа Тынәлина, қала тұрғыны:

- Жалпы ата-аналардың, жастардың атынан айтып жатырмын. Бір үйден 3-4 баладан кружокқа келетіндер бар. Сонда 30-40 мың ақша. Оны төлей алмайды ғой мінеки.

Гауһар Сатаева, қала тұрғыны:

- Менің өзімнің 7 немерем бар. 2 қызымнан – 4, ұлымнан – 3. Соның әрқайсысы барады. Оның әрқайсысына қалай 10 мыңнан табамыз?!

Облыс бойынша биыл бұл салаға 4,4 млрд теңге бөлінген. Бүгінгі күнге дейін соның 3,1 млрд теңгесі игеріліп, спорт үйірмесіне қарастырылған бөлігі ғана қалды. Жыл соңына дейін үйірме ашқан орталықтарды қаржыландыру үшін 20 млрд теңге қажет. Ал мұндай қомақты қаржыны бөлуге мүмкіндік жоқ, дейді облыс әкімінің орынбасары.

Арслан Дәндібаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы мәселе шешу үшін 17 аудан мен 3 қалада қоғамдық келісім өкілдері кәсіпкерлерді жинап кездесу өткізеді. Қажеттілігі болса ұсыныстар жинаймыз. 9 күні қорытынды мәліметтерді жинап, біз президент әкімшілігіне жолданатын боламыз. Қандай шешім болатыны әлі белгісіз. Бұл бір ғана облыс емес қой бүкіл өңірлер солай.

Қалай болғанда да бұл мәселе енді мемлекеттік деңгейде талқыланбақ. Алқалы жиында айтылатын ұсыныстарға сәйкес тегін үйірмелерге қойылатын талап күшейтіліп, жұмысына өзгеріс енгізілуі мүмкін.

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов