Атырауда 86 үй апатты жағдайда тұр

Мына үйдің іргетасы осыдан 60 жыл бұрын қаланған. Мұндағы тұрғындардың жағдайы соңғы 10 жылда тіпті қиындапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар қабырғасы қақырап, төбесі сөгілген үйдің астында қаламыз ба деген үреймен өмір сүріп жатыр. Ыстық су да жоқ. Тіпті кейбірі мұнда тұра алмағаннан кейін басқа пәтер жалдауға мәжбүр болған.

Жаңылсын Меңдіғалиева, қала тұрғыны:

– Баратын жеріміз жоқ. Отырмыз енді. Өзім осы үйде туып-өстім. Биыл 60-қа келем. Мына жақ құлап жатыр. Ана жақ та құлап жатыр. Көбіне далада отырамын. Мына жер құлап қала ма деп отырам далада. Енді не істеймін?! Қайда барам? Көшіп кететін жер болмай тұр. Үй де бермей тұр.

Шаһарда 86 тұрғын үй құлаудың аз-ақ алдында тұр. 5 мыңнан астам тұрғын жаңа баспанаға мұқтаж. Жауаптылардың сөзінше, бұл үйлерді жөндеу мүмкін емес екен. Ал түйткілді мәселенің түйінін шешу тағы қаржыға барып тіреледі.

Рафхат Жолдиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бір мезетте көшіру үшін 10 млрд-тың үстінде қаржы керек. Сондықтан да оған жергілікті бюджеттің тек апатты үйге қаражат бөлуге мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта біз тек жеке компаниялармен жұмыс істеуіміз мүмкін. Біз мемлекет коммуникациясын тартып береміз. Олар үй салып, апатты үйді көшіру жұмыстарын жүргізеді.

2020 жылы 13 апатты үйдің тұрғыны жаңа баспанаға көшірілген. Ал былтыр тек 3 үйдің ғана тұрғындары қоныс тойын тойлады. Қалада сүрілмей жатқан үйлер де бар. Оларды бұзу үшін де қаржы мәселесі қолбайлау болып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин