Шағын аудан тұрғындарының түйткілі қашан шешіледі – Алматы облысы

Алматы облысының Қапшағай қаласындағы «Рауан» шағын ауданы тұрғындары әлі күнге дейін газ бен электр желісінің қызығын көре алмай отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ондағы кәріз жүйесі қағаз жүзінде болғанымен, жұмыс істемейді. Соңғы кездері тұрғындар қалалық жағажайға да тегін кіре алмайтын болған.

Қапшағайлық Әсел Орынтаеваның «Рауан» шағын ауданынан жер алып, жеке үй сала бастағанына бірнеше жыл болды. Көшесіне электр желісі тартылмаған. Сол себепті құрылысты аяқтай алмай отыр. Мұндағы тұрғындардың көбі электр қуатын трансформаторы бар үйлер мен демалыс орындарынан тартқан. Ол үшін қосымша ақша төлейді.

Әсел Орынтаева, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Бір трансформатор 2,5-3 миллионның көлемінде тұрады. Оны қостыртатын тағы да шығындары бар, жобасы, техникалық қызметі бар. Ол да 2 - 2,5 миллионға шығады. Сонда бір светті қосу үшін 5 миллионның шамасында кетеді екен. Оны әр үй жасай алмайды. Сондықтан алып алдық та, не үйімізді де сала алмай отырмыз. Жарық та, газ да жоқ.

Наргиз Омарова, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Біздің шағын ауданда негізі газ демалатын орындар мен кірпіш зауытында бар. Тек бізге, тұрғындарға тартпай отыр. 100 метр қасымызда, міне, газ тұр құбыры.

Газ құбыры бұл шағын ауданға келгенімен, тұрғындар үйлерін қатты, сұйық отын түрімен немесе тоқпен жылытуға мәжбүр. Оны да әркімнің қалтасы көтере бермейді. Әкімдіктегілер жағдайдың жуық арада реттелетінін айтып отыр.

Табиғат Кенжеханов, Қапшағай қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– 2022 жылға Қапшағай қаласы әкімдігімен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Әзірленіп болған соң құрылыс-монтаждау жұмыстарына өтінім беріліп, биылғы жылға жаңа электр желілері қала желілеріне жоспарланып отыр қосуға. Енді газ мәселесі бойынша халыққа биылғы жылға біз облыстық басқармамызға бюджеттік өтінім жолдадық. Оның ішіне тек қана «Рауан» емес, 5 ықшам аудан кіреді. Өтінімге қаражат берілсе, онда биылға тек қана жобалық-сметалық құжаттамасы жасалынады.

Бұл ықшам ауданда кәріз жүйесінің қағаз жүзінде ғана бар екенін, шын мәнінде оның жұмыс істемейтінін тұрғындар бізге ашына жеткізді.

Данияр Магдиев, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– Канализация бар, атақ тек. Оның ішінің бәрі қоқыс қалдығымен бітелген. Ішінің бәрі бітеліп жатыр, одан су жүрмейді. Бәріміздің үйімізде септик бар. Септикке ақша төлейміз ассенизаторға сорып алып кету үшін. Оған қоса канализацияға да ақша төлейміз. Ал шын мәнінде канализация жоқ.

Қалалық әкімдіктегілер канализациялық құдықтардың қоқыс пен топырақтан тазартылып, қалпына келтірілетінін айтты. Ұрланып кеткен темір қақпақтардың орнына резинадан жасалғаны орнатылады. «Сол жұмыстар аяқталған соң тұрғындар орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу үшін «Қапшағай су арнасына» барып, қосылу шартын алып, келісімшартқа отыра алады», – дейді мамандар. «Рауан» шағын ауданы тұрғындарын алаңдатып отырған тағы бір мәселе – қалалық жағажайларды әлдекімдердің негізсіз қоршап алуы. Себебі ол сенімгерлік басқаруға берілген.

Оксана Наткина, Қапшағай қаласының тұрғыны:

– №4 қалалық жағажайға жазда кіре алмаймыз. Көлге түсейік десек, бізден ақша талап етеді. Әрбір көлік үшін 5 мың теңгеден алады. Жаяу келсең, өзіңе 2 мың теңге, балаларға мың теңгеден төлеуің керек. Сенімгерлік басқаруға берілгенін түсінеміз. Бірақ бұл қалалық жағажай ғой, мұнда кіру тегін, ал қақпасы әрдайым ашық болуы керек.

Әлішер Байдуанов, Қапшағай қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің бас маманы:

– Енді ондай фактілер дұрыс деп айта алмаймын. Ондай жоқ негізі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда Қапшағай қаласы әкімшілігімен жұмыс тобы құрылды. Жер учаскелерінің кординаттарын дұрыстау бойынша қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қоршап алған немесе өз учаскесінен артық шыққан жер учаскесі болса, оның бәріне шара қолданылатын болады.

Қапшағайда 7 қалалық жағажай бар. Барлығы сенімгерлік басқаруға берілген және онда демалушылар тегін кіруі тиіс. №3 қалалық жағажайға баратын тас жолды өз бетімен қоршап алған екі тұрғынға қатысты әкімшілік шара қолданылды. Осылайша үй қожайындарының қоршауы бұзылып, қалалық жағажайға баратын жол ашылған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады – дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов