Павлодарда инфекциялық госпиталь жабылды

Қаладағы №1 аурухананың жанындағы инфекциялық госпиталь дәрігерлері бүгін соңғы науқасты шығарып салды, деп хабарлайды «Хабар 24».

90 орынға арналған мекеме екі жылдай жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында коронавирустық инфекция жұқтырған мыңдаған пациент ем-дом қабылдады. Эпидахуал ушыққан кезде дәрігерлер бірнеше ай бойы үйлеріне бармай, тынымсыз еңбек еткен. Әсіресе «Дельта штамм» тараған сәтте науқастар саны күрт артып, дәрігерлердің жүктемесі ауырлады.

Айта кетейік, инфекциялық госпитальдің бір бөлігі акушерлік-гинекологиялық бөлімше болып құрылды. Бұл орталыққа инфекцияға шалдыққан жүкті әйелдер жатқызылды. Бүгіннен бастап емдеу мекемесі бұрынғы режим бойынша жұмысын жалғастырады.

Орал Жөкебаев, акушерлік-гинекологиялық бөлім меңгерушісі:

– Ауру ушыққан кезде қорқып қалғанымыз рас. Тәуекелге барып, әріптестерімізбен жұмыс істей бастадық. Үш ай бойы ауруханадан шықпай, қонған кездеріміз болды. Осындай режимде еңбектенуге тура келді. Біздің ұжым ауруды жеңдік деп ойлаймын.

Нұрсұлтан Аутиев , №1 қалалық аурухана жанындағы инфекциялық госпитальдің меңгерушісі:

Инфекцияның емдеу хаттамасы бес рет ауысты. Әсіресе, өткен жылдың қараша айында «Дельта штамм» дендегенде жұмысымыз ауырлады. Созылмалы аурулары бар науқастар түсе бастады. Госпитальде 1600-ден астам адам емделіп шықты.