Солтүстік Қазақстанда жер дауы жиіледі

Еліміздің солтүстігінде жер дауы күн санап күрделеніп барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Бір кездері мыңдаған гектар жерді алып алған кәсіпкерлер халыққа тиісті пайларын төлемей отыр. Бұл аздай, кейбірі тіпті кепілге қойып, түрлі қаржы ұйымдарынан несие алған. Артынша төлей алмай, аукцион арқылы сатып жіберген. Жылдап соттасып жүрген халық арнайы комиссия құруды талап етіп отыр. 

 Саумалкөлде ұйымдастырылған шараға ауыл шаруашылығы жерлері заңсыз сатылып кеткен бірнеше ауданның халқы жиналды. Жергілікті билік пен құзырлы орган өкілдері олардың проблемаларын кезекті мәрте тыңдады. Себебі бірнеше жыл өтсе де, күрмеулі мәселе шешімін табар емес.

Мұхтар Қайыржанов, Бірлестік ауылының тұрғыны:

– Бірлестік, Қарақамыс, Дәуқара, Светлый Егіндіағаш. Аукционға кетіп бара жатқан жерінен бес ауылдың халқы осы жерде жамыра көтеріліп, жерімізді алып қалдық. Біздің 48 мың гектар жерімізді заңсыз сыртымыздан протокол жазып, өткізіп жіберген. Оның ішінде қайтқан кісілер бар, білмейтіні бар.

Тек Айыртау ауданы бойынша шамамен 150 мың гектардан астам жер алаяқтық жолмен аукционға шығарылған,– дейді тұрғындар. Сондықтан көбі үлестен қағылып отыр. Салдарынан қазір ауылдардың жағдайы мүшкіл.

Орынбай Атығаев, Қарақамыс ауылының тұрғыны:

– Оны залогқа салған «Рамут» компаниясы. Оның сол кездегі бас директоры – Молдашев Бейбіт. Және учередителі, қазір жер ресурсы комитетінің төрағасы – Мұрат Теміржанов.  Соттасып жатырмыз. Сот өте ұзаққа созылып жатыр. Созылуының себебі де белгілі деп ойлаймын. Анадай үлкен адамдар тұрғаннан кейін, ондай сот оңайлықпен шешілмейді.

Шал ақын ауданы, Балуан ауылы тұрғындарының да бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Заңсыз сатылған 4300 гектардан астам жерді қайтара алмай отырмыз,– дейді ауыл азаматтары.

Диқан Кәрішалов, балуан ауылының тұрғыны:

– Біздің ауылдың ЖШС директоры Серғалиев Жанаттың смартфоны жоқ деп судья оны сотқа да шақырмады. Мынау масқараға ғой. 21-ші ғасырда не сұмдық бұл? Мына «Жаңа Қазақстанды» құру үшін жаңа сот, әділ басшылар керек пе дедік.

Солтүстік Қазақстан облысында жер дауы уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Сондықтан оны шешу үшін қоғам белсенділері, Үкімет жанынан арнайы комиссия құрылса деген ұсыныстарын айтты.

Мұхтар Тайжан, қоғам белсендісі:

– Біз заңды өзгертуіміз керек. Президент Тоқаев мырза нақты тапсырма беріп, мына заңды ауыстырып тәртіп орнату керек. Ал түбі жергілікті билік мына әкімдер сайлану керек. Өйткені олар сайланбаса, жергілікті халықты ешқашан тыңдамай отыра береді.

Жер дауын шешуге құзырлы орган өкілдері де құлықты екенін айтады. Айыртау ауданының прокуроры қылмысқа қатысы бар деген күдіктілер жақында ұсталғанын мәлімдеді.

Жандос Әміров, Айыртау ауданының прокуроры:

– Сабиров Мәжит деген кісіге іс қозғалды. Қазір ұсталды. Сол бес ауыл бойынша. Қалған ауылдар бойынша мәселелер көп. Барлық мәселені шешу үшін кісілерді жинап жатырмыз. Кісілер арыз-шағымдарын түсіріп жатыр. Сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз.

Құзырлы орган өкілдерінің дерегінше, қазіргі таңда өңірде жер дауына байланысты 20 іс сотта қаралып жатыр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов