Қостанай облысындағы су қоймаларында қор азайып жатыр

Қостанай облысындағы су қоймаларында қор азайып жатыр

Мамандар осылай деп дабыл қақты. Жалпы өңірде алты су қоймасы бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның ішінде көлемі жағынан ауқымдысы – Жоғары Тобыл және Қаратомар қоймалары. Қазір ондағы су мөлшері ортайған және он жылдан бері жаңартылмаған. Себебі қар суы аз. Мамандар бұл жағдай биыл да қайталануы мүмкін деп отыр. Қыс жылы болып, топырақ қабатын тоң жаппағандықтан ылғалдың дені жерге сіңіп кетеді. Сарапшылардың болжамынша, биыл бөгендерде әрі кетсе, 160 миллион текше метр су жиналуы тиіс. Бұл орташа көрсеткіштен екі жарым есе аз.

Қайдар Қосылбаев, «ҚАЗСУ шаруашылығы» РМК ҚФ директоры орынбасарының міндетін атқарушы:

- Қазір су қоймаларында 675 миллион текше метр бос орын бар. Соның биыл төрттен бір бөлігі ғана толады. Әрине, әлі де әліптің артын бағамыз. Бірақ Қазгидрометтің болжамы көңіл көншітпейді. Қар аз. Егер бұлай жалғаса берсе, су қоры жөнінен облыстың қала, аудандарында қиындық туындауы ықтимал.