Қазақстанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі күшейтіледі

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында дөңгелек үстел отырысында әйелдерді қорғауды қамтамасыз ету және олардың жанжалдардың алдын алудағы рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

Отырыс жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Лаззат Рамазанова, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева атап өткендей «Әлемдегі қазіргі жағдай шиеленіскен қарама-қайшылық пен тұрақсыздықпен сипатталады. Теріс салдары бүкіл аймақтарға қауіп төндіреді, тұрақсыздықты және жаһандық қауіпті тудырады. Бұл тұрғыда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» күн тәртібі аса маңызды.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тоғыз қарарын іске асыру мақсатында Қазақстан Үкіметі өткен жылдың желтоқсан айында 2025 жылға дейінгі іс-шаралар жоспарын бекітті. Жоспар жанжалдардың алдын алу мен реттеуге, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, Әйелдерге қарсы зорлық-зомбылықтың алдын алуға, хабардар болуды арттыруға, жанжалдардың алдын алу және әйелдерді қорғау мәселелерінде азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды күшейтуге әйелдердің тең құқылы қатысуын қамтамасыз ету бойынша нақты шараларды жүргізуді қамтиды.

«Қазақстан әйелдерді қызметтің барлық салаларында ілгерілету үшін тиімді институционалдық шаралар қабылдау деңгейінде белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылып, жетілдірілуде. Әйелдердің теңдігі мен құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласында Орталық Азия білім орталығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Әйелдер еңбегін пайдалануды шектейтін тізімді толық жою туралы прогрессивті шешім қабылданды», - деп атап өтті Аида Балаева.

Өз кезегінде Эльвира Әзімова жоспардың негізгі іс-шараларына тоқталып, әйелдердің алдын алу дипломатиясы мен қалпына келтіру процестерінің белсенді қатысушылары болуы үшін олардың әлеуетін нығайтудың заңнамалық және практикалық құралдарын әзірлеу қажеттігі туралы мәлімдеді.

«Қауіпсіздік мәселелерін қарумен емес, бітімгершілік тетіктері арқылы шешуге болады және қажет. Соңғы оқиғалар әйелдерді превентивті дипломатия мен делдалдық дағдыларына оқыту процесін күшейту, мемлекеттік органдар өкілдері мен азаматтық қоғам өкілдері қатарынан келіссөз жүргізушілер пулын қалыптастыру қажеттігін дәлелдейді. Басты мақсат – қақтығыстарды реттеудің бейбіт құралдарын тиімді пайдалануға үйрету және оларды заң деңгейінде қолданудың нақты сценарийін бекіту», - деп атап өтті Эльвира Әзімова.

Ол сондай-ақ Қазақстанда төтенше жағдай кезінде әйелдерге көмек көрсету үшін мемлекеттік органдар, әлеуметтік қызметтер мен ҮЕҰ өзара іс-қимылының нақты тетігін енгізу қажет екенін айтты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар ұлттық жоспарды қабылдау әйелдердің қауіпсіздік пен құқықтық тәртіптің күн тәртібіне қатысуы үшін жағдай жасау арқылы қойылған міндеттерге тиімді қол жеткізуге болатындығын түсінетіндігін көрсетті.