Қарағанды облысында тұрмыстық қатты қалдықтан энергия өндіріледі 

Қарағанды облысында тұрмыстық қатты қалдықтан энергия өндіріледі 

Кеңгір ауылы тұрмыстық қалдықтан электр энергиясын өндіреді. Кеңгір – Бетпаққа сұғынып, ағып жатқан өзенмен аттас, Жезқазғанның іргесіндегі кішкентай ғана елді мекен. Жаңа жоба, сәтін салса, осы өңірде баламалы қуат көзі бойынша іске асырылатын екінші ілкімді іс. Алғашқысы Жезқазғанда. Мұнда күн сәулесінен энергия алатын станция жұмыс істеп тұр.

Мына алып аумаққа 30 мыңға жуық күн сәулесінен энергия алатын панель қойылған. Станция былтыр электр қуатын жоспардағыдан 10 процентке көп өндіріпті. Мұнда жылына 15 000 МВт/сағат энергия алынады. Бұл дегеніміз салыстырма түрде айтқанда, 4 мың отбасын тоқпен қамтамасыз етуге жетеді. Алып станцияда 10 адам тұрақты жұмыс істейді.

Станислав Яковлев, күн электр станциясының басшысы:

– Күн электр станциясын салмас бұрын бұл өлкенің жыл он екі айдағы ауа-райы ашық күндері есепке алынды. Күн сәулесі қысы-жазы жақсы түседі, жауын-шашыны аз. Оның үстіне өндірілген энергияны негізінен өндіріс ошақтары тұтынады. Зауыттардың бұл маңға жақын орналасқаны да ескерілді.

Ал бұл тұрмыстық қатты қалдықтардан электр энергиясын өндірумен айналысатын болашақ кәсіпорынға белгіленген жер. Құрылысы мамыр айында басталады. Жоба іске асқан соң мұндағы зауытқа іргедегі қос қала мен ауылдардың қоқыс полигонынан шикізат жеткізіледі. Бір ғана Жезқазған қаласынан жылына 21 мың тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығатынын ескерсек,  жобаның экологиялық тиімділігі де зор.

Данияр Арынғазин, Жезқазған қаласы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Биоэлектр станциясы зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жобаның құны – 8,2 миллиард теңге. Енді ашылса, жаңадан 76 жұмыс орыны ашылады деп жоспарлануда.

Баламалы энергияны тұтыну - табиғи ресурстарды үнемдеуге және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.  2030 жылға дейін еліміздегі баламалы энергияның үлесін 30 процентке дейін жеткізу көзделген. Қарағанды облысында бұл бағытта 4 үлкен жоба жүзеге асқанын атап өткен жөн.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Аслан Демесбаев