«Отбасылық мұрағат» жобасы: ҰОС ардагерлері туралы мәліметтер іздестіріліп жатыр

Өткенді білу парыз. Ертіс өңірінің мектептерінде «Отбасылық мұрағат» жобасы бастау алды. Жергілікті «Майдан жолы» жасағының іздестірушілерін бірнеше білім ордасы қолдаған. Қазірдің өзінде жас зерттеушілер жүздеген ардагер туралы ақпарат жинақтап үлгерді.

Сергей Карташов Ұлы Отан соғысына қатысқан атасы туралы әжесінен көп естіген. «Отбасылық мұрағат» жобасы аясында атасы туралы мәлімет жинастырған. Ерлігі үшін марапатталған медальдерін де тауып алған.

Сергей Карташов, оқушы:

– Ауылға барып, әжемнен атам туралы сұрастырдым. Бұл менің атам Владимир Соколов ие болған марапаттардың бір бөлігі ғана. Үйде көптеген мақтау қағаздары мен соғыста қолданған жеке заттары сақтаулы тұр. Атамның ерлігі - мен үшін үлгі. Атам сияқты өз елімнің патриоты боламын.

Іздестіру жасағының жобасына қатысуға ниет білдірген оқушы көп. Жас зерттеушілер Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата-бабалары туралы мол мағлұмат іздеп, жинап үлгерген. Кейін жұртшылыққа таныстырмақ.

Самат Мәсімбай, оқушы:

– Менің атам Еркін ата соғысқа қатысты. Және мен ол туралы ақпаратт аламын, сосын айтып беремін. Мен да қызық болды. Сол үшін мен де жинаймын.

Балалар жинаған мағлұмат ортақ базаға біріктіріледі. Қазіргі уақытта жүздеген ардагер туралы ақпарат жасақталған. Жоғары сынып оқушылары да жергілікті іздестіру жасағының мүшелеріне көмектесіп жатыр.

Наталья Савченко, «майдан жолы» іздестіру жасағының сарбазы:

– Мақсатымыз бейбіт өмір сыйлаған батыр аталарымызды ұмытпау, ұрпақ жадында сақтау. Жас буын өкілдерінің ынтасы қуантады. Жобаны қолға алғалы бері оқушыларымыщ аталары мен әжелерінің фотосуреттері, медальдері мен хаттары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кейін ғылыми конференцияларға қатыспақ. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды.

Аймақта іздестірушілер қозғалысы қарқынды дамыған. Мәселен, 13 жылдық тарихы бар «Майдан жолы» жасағы Ресей, Украинада соғысқан жауынгерлердің құрметіне 22 ескерткіш орнатқан. Бүгінгі күнге дейін 300-ге жуық офицер мен жауынгердің жатқан жері анықталған. Өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу ісі де негізгі мақсаттардың қатарында.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат