Кәсіп ашу үшін қанша ақша керек?

500 мың теңгеге қандай іс бастауға болады? Кәсіптің көзін тауып, пайдаға кенелудің жолы қайсы?

Созақ тұрғыны Қанат Өтепбергенов мемлекеттен дәл осындай 500 мың теңге грант алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сөйтіп, тәуекел деп пластикалық есік-терезе өндіретін құрал-сайман сатып алады. Қазір үйінің жанынан жеке цех ашқан кәсіпкердің өніміне сұраныс көбейді.

Жұмыссыздардың қатарында жылдап тізімде тұрған Қанат Өтепбергенов ауыл-аймақта тұрақты жұмыс табу қиынның қиыны дейді. Тек шаруашылық пен мектеп мұғалімдігіне мүмкіндік болғанымен үміткерлердің саны көп екенін айтады. Сондықтан ебі келетін істің қыр-сырын меңгеріп, кәсіпкерлік курсынан өтуді ұйғарған. Сөйтіп қайтарымсыз қаржы алды.

Қанат Өтепбергенов, Созақ ауданының тұрғыны:

- Бизнес бастау бағдарламасының оқу курсын оқып, 583 мың теңге көлемінде грант ұтып алдым. Қазіргі таңда үш адамды жұмыспен қамтып отырмын. Біздің цехқа тапсырыс берушілер көп.

Үй жанындағы гаражды шеберханаға айналдырған кәсіпкердің ісі ілгері басты. Қазір ауыл балаларын жұмысқа тартып, жастарға өз білгенін үйретіп жүр. Сапаға мән берген маманның есік-терезесіне сұраныс та көбейді. Ал әкімдіктегілер мемлекеттік грантқа өтінім берушілер мен бизнес бастағысы келетіндердің артқанын айтады.

Ақмарал Төлепбергенова, Созақ аудандық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы:

- 2021 жылы Созақ ауданы бойынша 90 азамат нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағыты шеңберінде қайтарымсыз грантқа ие болды. Сол кәсіпкерлердің ішінде сұлулық салонын, шаштараз салонын, мал шаруашылығын дамытып отырған кәсіпкерлеріміз бар.

Биыл созақтықтардың жүзге жуық бизнес-идеясын қаржыландыру жоспарланып отыр. Сәйкесінше Грантқа бөлінген қаражат та 200 АЕК көлемінен 400 АЕК-ке ұлғайды. Яғни 1 миллион теңгеден асады.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Раул Ғабитов, Ерболат Әбіш