Істің көзін тапсаңыз...

Қызылордадағы мүмкіндігі шектеулі жандар қарап отырған жоқ. Мұнда оларды қолдайтын орталық та ашылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ерлан Төлегенов кезінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Алайда 6 жыл бұрын буындары сыр беріп, жүріп-тұруы мұңға айналған. Алайда ол мүмкіндігім шектеулі деп мұқалмапты. Бес баланың әкесі мүгедектер арбасы мен техникалық түрлі құрылғыларды жөндеуді үйреніп алған.

Ерлан Төлегенов, қала тұрғыны:

- Өзім сияқты жарымжан жандар осы арбаларды жан-жақтан әкеледі. Осы орталықта ғана бар. Келіп істетеді. Кейде түнімен істеймін. Кейде қасымдағы кісілер көмектеседі. Сөйтіп беріп жібереміз. Қуанады. Рақметін айтып жатады. Ең бастысы, бізге халықтың ықыласы, рақметі. 

Ерлан Төлегенов сияқты бұл жерде 16 азамат өз қызметін жұртшылыққа ұсынып отыр. Орталықта тігін, аяқ киім жөндеу цехтары, қолөнер бұйымдарының дүкені секілді кәсіп түрлері жолға қойылған. Бұдан бөлек, шығармашылыққа жақын жандар үшін де жағдай жасалып отыр.

Мадина Темірова, қала тұрғыны:

- Киім тігеміз. Тапсырыс келіп жатса, қыз жасауы, киім, оқу-тігін курстарын ұйымдастырамыз. Тегін. Жалға алу қаржысын төлемеймін. Жағдайыңды түзеп алғанша отыра бер деді. Одан кейін тапсырыс жағынан да бұл кісілер маған көмектесіп тұрады.

Сәкен Алдашбаев, қалалық мүгедектер қоғамының төрағасы:

- Арыз-шағым, өтініштерді жинақтап, тиісті бөлім, басқарма басшыларын шақырып, тіпті қала әкімі, қала әкімінің орынбасарлары қабылдаулар өткізеді. Қалалық мүгедектер қоғамының ішінен топ-топқа бөліп қойдық. Өнерпаздар тобы, шеберлер тобы, кәсіпкерлер тобы деп. Массаж кабинетін аштық. Онда осы қаладағы массаж жасайтын арнайы орындар бізден 4 маманды дайындап, бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тегін массаж қызметін көрсетудеміз.

Әзірге бұл пилоттық жоба түрінде ашылған орталық. Егер нәтижесі ойдан шықса, қалаға қарасты ауылдар мен елді мекендерде жалғасын табады дейді мамандар.

Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов