Қаңтар-ақпан аралығында Қазақстанға сырттан 1085 тонна гүл әкелінген

Көктем келді. Көктеммен бірге әйелдер мерекесі де жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мерекенің сәні – гүл. Ер азамат та, басқа да көңіл-хошын осы арқылы білдіреді. Қыз-келіншектердің аңсары ауып, асыға күтер басты сыйапаты да осы – гүл.

Мерекеде жақынын қуантқысы келген елордалықтар гүл дүкендерін аралайды, кейбірі қалаған гүл шоғын арнайы тапсырыспен алдырады. Қалаған жеріңізге жеткізіп берсін десеңіз, тауар құнына 1-2 мың теңге қосуға дайын болыңыз. Көктем мейрамы жақындаған сайын бағасы да көтерілетіні әдеттегі құбылыс дейді флористер.

Мөлдір Жанұзақова, флорист:

- Бізде көбіне аналарға хризантема, альсрамерия, гипсофила, қалампыргүл яғни экзотиканың көп түрлерін алады. Раушан гүлдерді көбінесе ер азаматтар алады.

Көктемнің алғашқы мерекесінде қызғалдақ ұсынылмаған нәзік жан қалмасы анық. Бұл өсімдік алуан түрлілігімен, қолжетімділігімен тиімді. Елімізде және әлемде оның 3 мыңнан аса түрі бар. Голланд раушангүлінің танымалдығына талас жоқ. Өте кірпияз, суыққа төзімсіз келгенімен, әдемілігі жағынан талғампаз тұтынушыға дес бермейді. Күтім болса, екі аптадан артық уақыт көз қуанышыңызға айналады. Орхидея – сезімтал әрі нәзік тропикалық гүл. Грек тіліндегі мағынасы – «көбелекке ұқсайтын өсімдік». Мерекеде жақынына жылы лебіз білдіргісі келгендер осы гүлге таңдау жасайды.

Блиц:

- Халықаралық әйелдер мерекесі болғандықтан анамызға және туған-туысқандар, қыздарға сыйлық сыйлаймыз ғой. Біз де қалыспаймыз, үйдегі анам мен әпкеме сыйлық алып беремін.

- Біз қазір оқуда болғандықтан анамыз ауылда. Оларға көбінесе гүл немесе ақшалай берген дұрыс.

- Мереке болған соң әрбір қыз бала гүл алғысы келеді. Тек гүл емес, көңіл, жағымды сөздер естігісі келеді, құттықтау алғысы келеді міндетті түрде. 

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, биылғы қаңтар-ақпан аралығында елімізге сырттан 8 жарым млн доллардың 1085 тонна гүлі әкелінген. 724 тоннасы – раушангүл. Импорт бойынша Нидерланд көш басында – 535 тонна. Бельгия мен Германиядан 100-ден аса тонна гүл әкелінсе, Эквадор да Қазақстанға гүл экспорттаушылар қатарында озық тұр.

Рухани Асқар, тілші:

­ Мына жердегі жұпар иіс мұрын жарады. Раушангүл, қызғалдақ, орхидеялар көздің жауын алып тұр. Ал осы гүл шоғын құшағына алған әрбір ару одан сайын жайнай түсері анық.

Рухани Асқар, Асхат Қарақойшиев