Павлодарда жылу жүйесі жаңғыртудан өтеді

Павлодарда жылу желілері біртіндеп жаңғыртылады. Қазір жылумен қамту жүйелерінің 80 проценттен астамы тозған. Оларды қалпына келтіруге қомақты қаржы ғана емес уақыт керек, дейді мамандар. Саланы дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, «Жол картасы» әзірленді. Жауаптылар құжаттағы іс-шаралардың орындалу барысынан халық хабардар болады деп сендіреді.

Павлодардың 2-ші жылу энерго–орталығы жаңғыртудан өтеді. Алдағы уақытта кәсіпорында үш бірдей турбоагрегат ауыстырылып, жылу қуаттылығы артады. Соңғы жылдары өндірісті өлкеде жылу тапшылығы айқын сезіле бастаған еді. Кең ауқымды жоба 2026 жылы басталады. Ал оған дейін квартал ішіндегі жылу желілерін ауыстыру жұмысы қарқын алмақ.

Екатерина Байжұманова, энергетикалық компания өкілі:

– 2023 жылдан бастап жылына кем дегенде 25 шақырым жылу желілері қайта қалпына келтірілетін болады. Ағымдағы жылы 10 шақырым жылу құбыры жөнделеді.

Павлодарда жылуға жарымай отырған көпқабатты үйлер өте көп. Екі жақты келісім нақты осы мәселенің оң шешілуіне сеп болмақ. Монополистер шамамен 300-ге тарта биік үйлерге қызмет көрсетуді өз мойнына алады. Жылу желілері қалпына келтірілсе тұтынушылар қатары өседі. Өйткені жылу қуаттылығы артады.

Ержан Салханов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Бізде жылуға қосылуға техникалық мүмкіндігі жоқ аймақтар бар. Бұл қаланың оңтүстік бөлігі. Олқылықтың орнын толтыру үшін қуат көздері алынатын орындар мен жылуды тарату жүйелері де жөндеуден өтуі тиіс. Жылу желілерін ауыстыруға бағытталған жоспарлы жұмыс негізінен осы бағытта жүзеге асады.

Бүгінгі таңда Павлодардағы жылу желілерінің сапасы сын көтермей тұр. Жүргізілген техникалық аудит көптеген түйткілдерді анықтады. Әсіресе аула ішіндегі құбырлар тозып кеткен. Оларды алмастыру ісі шағын аудандарды толық қамтиды. Бюджеттен осы мақсатқа 500 миллион теңге қарастырылып отыр. Коммуналдық инфрақұрылымды реттеуге монополист компаниялар да жеке қаржы құяды. Ал жұмыстың қалай атқарылғаны жайында Қоғамдық Кеңестер арқылы халыққа есеп беріледі.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат