Бар ғұмырын ғылымға арнаған қыз-келіншектердің еңбегі елеулі

Ғылымда жүрген әйелдер аз. Әлемдік зерттеушілер осындай пайымға келген. Елімізде де доктор атанған қыз-келіншектер некен-саяқ. Магистратураны бітіргендердің өзі бір процент шамасында. Бірақ ғұмырын ғылымға арнағандардың еңбегі елеулі.

Биология ғылымдарының кандидаты Елена Жолдыбаева адам генетикасын зерттеумен айналысады. Бойдағы қандай да бір тұқым қуалайтын дерт пен қасиеттер осы зертханада сарапталады. Генетикалық тестілеу әдісі косметология саласында да қолданылады екен.

Елена Жолдыбаева, Ұлттық ұжымдық пайдалану ғылыми биотехнология зертханасының меңгерушісі:

– Терідегі қоңыр дақты алайық. Мысалы, әйелдер косметологиялық орталыққа ағарту процедураларын жасату үшін келеді. Алғашында нәтиже болады. Бірақ бір айдан кейін ол дақ көбейе түседі. Бұл жерде мәселе белгілі бір адамның ДНҚ деңгейінде болады. Сол үшін жауап беретін ферменттердің жұмысы бұзылуы мүмкін.

Қарағандылық Айжан Темірбаева – еліміздегі ең жас проректор-әйел. Ол ғылым жолына кездейсоқ келген жоқ. Табандылық пен ізденімпаздығының арқасында үш рет магистр атанды. Қазір PhD докторы. Жас ғалым елдегі жетекші оқу орнында білгенін кәдеге жаратуда.

Айжан Темірбаева, қарағанды техникалық университетінің провосты:

– Мен мысалы Колумбия университетінде оқыдым. АҚШ-тағы университетте тәжірибе алдым. Кембридж университетімен көп жұмыс істедім. Барлық тәжірибе мен үшін қымбат болды. Мен білдім, сол жердегі білімді мен осы Қазақстан контекстіне қалай бейімдесе болады деп, мен осы докторантурадағы жұмысымды осы тақырыпқа арнадым.

Медицина ғылымдарының докторы Диляра Қайдарова саналы ғұмырын қатерлі ісікке шалдыққан жандарды емдеуге арнаған. Бүгінде дерттің гендік таралу жолын зерттеп келеді. Яғни бір отбасында қанша адамның рак ауруына тәуекелі бар екенін анықтайды. Жыл сайын обырдың түрі көбейіп жатыр. Аурудың жасарып бара жатқаны да мәлім. 30 жылдық тәжірибесі бар ғалым сәтті нәтижелерін еске алып, шабыт алады.

Диляра Қайдарова, медицина ғылымдарының докторы:

– Бір науқас маған 16 жыл бұрын келген еді. Оның онкологиялық ауруы болды. Біз оған көмектестік, бірақ балалы болуы екіталай еді. Әйел болғасын 2 жылдан кейін тұрмысқа шығып, ана болғысы келді. Көз жасын көлдей төгып, бізден тағы көмек сұрады. Репродуктологтар, басқа да дәрігерлерімізбен бірге тыңдай жұмыс істедік. Жаңа технологиялардың арқасында оның сәби көтеруіне себепші болдық. Қазір ол баламыз 13-те. 

Еліміздегі 9 млн әйелдің 18 мыңы ғылым жолын таңдаған. Оның бірі коронавирусқа қарсы казВак вакцинасын шығарған Күнсұлу Закария. Отбасы мен ғылымдағы ізденісін қатар алып жүрген әйел ғалымдар қолдауға лайық.

Мерей Мұратханқызы, Дәуренбек Бағдәулетұлы,  Арман Ақшабаев