Жедел штаб: Жүк тасымалында кедергі жоқ

Қазіргі таңда сыртқа шығатын жүк теміржол, теңіз порты арқылы да штаттық режимде тасымалданып жатыр. Сондықтан бизнеске алаңдауға негіз жоқ. Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб отырысында осылай айтылды.

Сонымен қатар Қытайға кететін және сол жақтан келетін тасымалға да ешқандай шектеу жоқ. Еуропаға тасымалды үздіксіз жүзеге асыру үшін, Әзербайжан және Грузия бағытына транс-каспий халықарлық көлік маршруты арқылы жүк жеткізу көлемін арттыру қарастырылып жатыр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің дерегінше, Ақтау және Құрық порттарының әлеуетін пайдалануға үлкен мүмкіндік бар. Қазір бұл порттар 23 процент жүктемемен ғана жұмыс істеп тұр. Оның сыртында балтық порттары арқылы қосымша бағыт ашу ойда бар. Контейнер тасымалын күшейту мақсатында, отандық контейнер өндірісін ашу қолға алынып жатыр. Мысалы, 2022-2023 жылдары 2 милион тонна жүкті контейнерге салып, тасымал үлесін 30%-ке дейін арттыру көзделіп отыр.