Жалақысын көтереміз – елорда әкімі коммуналдық қызметтегі қыз-келіншектерді құттықтады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коммуналдық қызмет саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды.

«Күнделікті кең ауқымды оқиғалар ағынында коммуналдық қызметкерлердің еңбегін байқай бермейміз. Алайда олардың күнделікті жұмысы мен біліктілігінің арқасында қаламыз таза, әрі күннен күнге құлпырып келеді. Коммуналдық қызметкерлер күн-түн демей, күн райы ыстық болса да, тіпті боран соғып, толассыз қар жауып тұрса да, саршұнақ аяз болса да тоқтаусыз жұмыс істейді.

Коммуналдық қызмет қатарында аянбай еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерді 8 наурыз мерекесімен құттықтадым. Олар қаламыздың тазалығына үлес қосып келеді: қыста көшенің қарын күреп, санитарлық тазалық жұмысын жүргізеді, күн жылынған шақта гүлдер мен ағаштар отырғызып, елордамыздың көркін арттыра түседі. Қаламыз тұрғындар үшін қолайлы әрі ыңғайлы болуы үшін барын салуда. Өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетіп, еңбек жағдайын жақсартамыз: коммуналдық қызмет паркін жүйелі түрде жаңартып, жалақы мөлшерін көтереміз. Коммуналдық қызметкерлеріміздің еңбегін жоғары бағалаймыз. Осындай жауапкершілігі мол, аса маңызды жұмыста еңбек етіп жүргендеріңізге алғысым шексіз. Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!» - деп жазды елорда әкімі.