Қоғам тыныштығын қадағалайтын арулар

Жамбыл облыстық полиция департаментінде 200-ден астам қыз-келіншек жұмыс істейді.

Олар тергеуші, криминалист, жедел уәкіл, инспектор ретінде ер азаматтармен иық тіресе қызмет етіп келеді. Өмірін осы салаға арнаған полицейдің бірі – Диляфруз Кенжеханова. Ол адал қызметі үшін мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін алған. Әрі көпбалалы ана.

Диляфруз полицияда 21 жылдан бері қалтқысыз қызмет кетіп келеді. Аға инспектор зорлық-зомбылыққа душар болған әйелдердің құқығын қорғап, оларды қоғамға бейімдеуге жәрдем береді. Бұл сала өмірімнің бір бөлігі болып кеткен дейді ол. Әріптестері оны жақсы дос, адал қызметкер ғана емес, жүрегі кең жаны жайсаң адам деп біледі.

Оксана Семёнова, облыстық ПД аға инспекторы:

- Күн демей, түн демей қоңырау шалсаң, көмекке келуге дайын тұрады. Жұмыста тірлігіне тиянақты, жауапкершілігі өте жоғары маман. Кез келген бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді. Бұл оның біз білетін бір қасиеті ғана.

Полицияда жұмыс істейтін қыз-келіншектер мереке күні де қызметте. Бірі инспектор болса, өзгелері тергеу, криминалистика саласында еңбек етіп жүр. Олар қойылған талап пен бұйрықты бұлжытпай орындауға міндеттелген.

Рахымберді Әшкеев, жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

- Дильяфруз Кенжеханова – сауатты маман. Оған мүлтіксіз қызметі үшін алғыс білдіремін. Жалпы бізде 200-ден астам ару еңбек етеді. Оларға қыз баласы екен деп ешқандай да жеңілдік берілмейді. Заң мен тәртіп бір, жұмыс ортақ. Барша қыз-келіншектерімізді 8 наурыз мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларыңыз аман дендеріңізге саулық тілеймін!

Жұмыстан кейін Дильяфрузды үйінде балалары күтеді. Ол 6 ұл мен 3 қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Түсірілім кезінде олардың дені мектепте болды. 9 баланың төртеуін Диля үш жыл бұрын қызметте жүріп кездестіріпті. «Мектепке жол» акциясы кезінде бір ақсақал немерелерін тәрбиелеуге жәрдем сұрап келген. Комиссиямен бірге тұрғылықты мекенжайға барып отбасындағы жағдайдың қиын екендігін көреді. Көп ұзамай жетім бүлдіршіндерді қариямен бірге асырап алады.

Диляфруз Кенжеханова, облыстық ПД аға инспекторы:

- Бастапқыда ата-анам түсінбей қалды. Жалғыз өзің 9 балаға қалай тәрбие бересің? Алдымен өзіңнің бес балаңды жеткізіп алсай деген. Кейін балалардың жағдайын естіп білген соң қолдау көрсетті. Қазір бір-бірімізге қатты бауыр басып бір отбасы болып кеттік. Бұл шешіміме ешуақытта өкінген емеспін.

Көпбалалы ананың ендігі тілегі балаларына білім мен тәрбие беріп жеткізсем дейді. Болашағынан зор үміт күтеді. Ол үшін Дильяфруз бар күш-жігерін салуға бар.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә