Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жібереді

Ертең ел астанасынан Украинаға 40 тонна гуманитарлық көмек жіберіледі.

Бүгінгі күні еріктілерден 57 тонна керек-жарақ жиналған. Украинаның Қазақстандағы Елшілігіне келіп, қол ұшын созып, қолдау білдіріп жатқан халықтың қарасы көп. Түрлі ұлт өкілдері азық-түлік, дәрі-дәрмек, күнделікті қолданысқа керек заттарды әкеліп жатыр. Арнайы қораптар мен сөмкелер жүк көлігіне тиеліп, жөнелтіліп отырады.

Златаслава Близнюк, волонтер:

- Бұл қарапайым халықтан жиналған көмек. Бірнеше күн бойы керекті заттарды сұрыптадық. Барлығы 57 тонна болды. Ертең 20 тоннадан екі жүк көлігі Украинаға жол тартады. Осы ретте айта кетерлігі, қазақстандықтар жомарт екен. Көмек қолын созған адам өте көп. Жұмыс істеп жатқандар да еріктілер.