БҚО-да жүз тоғыз елді мекенді су басу қаупі бар

Батыс Қазақстан облысында жауын-шашын тыйылатын емес. Өткен аптада толассыз жаңбыр жауса, бүгін ақ ұлпа қар жапалақтап тұр.

Төтенше жағдайлар департаменті көктемгі тасқынға қарсы шаралар айлығын бастады. Аймақта 109 елді мекенді су басу қаупі бар. Бұл тізім көп жылдық мониторинг нәтижесінде жасалған. Қардың орташа қалыңдығы 36 см, ал тоң қабаты 54 см шамасында. Елді мекендерден 900 мың текше метрден астам қар шығарылып, 8 мың текше метр су сорылған. Мамандар тасқынға тосқын шараларына жеке құрам мен арнайы техника жеткілікті екенін айтады. Өзен-көлдерде мұз сәл жұқарғанымен сең жүре қойған жоқ.

Нұралы Мұсиев, облыстық ТЖД басқарма басшысы:

- 109 елді мекеннің біреуінде қауіп азайтылды деп айтуға болады. Былтырғы және өткен жылдары болған оқиғалардың есебінде алынған тізім. Яғни бұл 109 елді мекенді биыл су басып кетеді деген айғақ емес. Соңғы гидроболжамға сәйкес, Шаған, Деркөл және Шежін-1 өзендерінде ылғал қоры көпжылдық мәндерден төмен. Шежін-2 өзенінде ылғал қоры көпжылдық көрсеткіштерден 16 процентке көп. Жайық өзені Ресей Федерациясынан бастау алатын болғасын «Росгидромет» мекемесінің жіберетін болжамына сәйкес қаншалықты су көтерілетіні белгілі болады. Әзірге ол болжам келген жоқ әлі.