Интернет байланысын жақсартудың амалы

Сапасыз байланыс пен нашар интернет үшін операторларға салынатын айыппұл 10 есе өседі. Бұдан былай оның мөлшері 300 мыңнан 3 млн теңгеге жетуі мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Бірінші оқылымда қаралған заң жобасы байланыс сапасын арттыруды көздейді.

Қазақстанда 6400-ден астам елді мекен, 6300-ден астам ауыл бар. Цифрлық даму министрлігі келтіргендей, 1127 ауылды мекеннің бір бөлігіне оптикалық-талшықты желі енді бір бөлігіне геостационарлық емес спутниктің көмегімен интернет тартылған. Десе де, көп жағдайда интернеттің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды.

«Байланыс операторларының жауапкершілігін әкімшілік жолмен арттырса, түйткілдің түйіні тарқауы мүмкін» деген оймен құзырлы ведомство айыппұлдың мөлшері 4,5 млнға дейін артуы мүмкін.

Асхат Оразбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Бұл жердегі мәселе ықпал ететін механизмнің жоқтығында емес. Мәселе оның әлсіздігінде. Яғни белгілі бір жердегі интернет сапасын жақсарту бойынша шаруаны атқарғаннан гөрі операторға айыппұл төлей салу арзанға түседі.

Сонымен, бірінші оқылымда мақұлданған заң жобасына сәйкес, қызметінің сапасына шағым түскен байланыс операторына айыпұл 100-ден 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салынбақ. Олқылықтың орнын толтырмаса, екінші қайтара салынатын айыппұлдың мөлшері 4,5 млн дейін артуы мүмкін.

Берік Бекжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мысал үшін, Батыс Еуропада, Америка Құрама Штаттарында керек десеңіз, қылмыстық іс қозғалады екен. Қылмыстық жауапкершілік көзделген. Ал Қазақстанда осы әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде айыппұлдың көлемі ол да оператордың атқаратын жұмыс ауқымына сәйкес оның табатын пайдасына сәйкес есептелген деп ойлаймыз. Ну бірақ бұл мәселе қазір талқылау үстінде.

Заң жобасының алғашқы талқылауы кезінде депутаттар байланыс сапасының нашарлығына қатысты бірқатар сын-ескерптесін айтты. Мәселен, цифрлық даму министрлігінің тізімінде интернеті бар деп белгіленген аймақтарда желі мүлде ұстамайды. Депутат Ерлан Сайыров ШҚО-ның Тарбағатай ауданындағы Асусай, Жалаңаш елді-мекендерін мысалға келтірді.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Тарбағатай, Зайсан, Марқакөл аудандарының мына шекарамен өткен кезде сотовый телефонға Қытайға қош келдіңіз деген ақпарат келеді. Міне бұл мәселені қалай шешеміз? Өйткені бұл мәселе ол жақтағы халықтың моральдік-психологиялық деңгейіне өте жаман әсер етеді. Осы мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешу керек тәрізді. Және бұл кісілердің отчеттары мен нақты өмірдің арасы жер мен көктей.

Ал цифрлық даму министрлігінің мәліметі бойынша ең нашар байланыс Ақтөбе, Шығыс Қазақстан мен Қарағанды облыстарының үлесінде.

Асхат Оразбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Радиожелілер арқылы интернет тарту өте қиын. Өйткені ол жердегі геологиялық тұрғыдан жер қыртысы күрделі. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында да таулар болғандықтан интернет тару қиынға соғады. Сайыров мырза айтқан ауылдар сол аймақта орналасқан болу керек. Ол жерге геостационарлық емес байланыс жерсерігінің көмегімен жететін шығармыз.

Ал Қытай шекарасы маңындағы хабарламаға қатысты ведомство өкілінің айтқаны мынау:

Асхат Оразбек, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі:

- Біз халықаралық реттеу шарасын жүргіземіз. Байланыс сигналының қуаты мен таралу қашықтығын бірлесіп келісеміз. Бүкіл әлемде бұл мәселе осылай ғана шешіледі. Егер телефонымыз сыртқы оператордың желісіне түссе де  бұл жерде еш мәселе жоқ. Сыртқы операторға 15 шақырымдық аймаққа шығуға рұқсат берілген.

Былтыр еліміздің барлық өңірінде 560 тексеріс жүргізілген еді. Нәтижесінде олардан 130 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген. Инфрақұрылымды жаңғырту мақсатында байланыс операторларына милиардтаған салық қайтарымы түрінде жеңілдік қарастырылған. Сондықтан ұлғайтылған айыппұл оларға салмақ салмауы тиіс. Дегенмен, бұл өзгеріске операторлардың өздері келіспейтін тәрізді. Мәселеге қатысты уәжін алдағы уақытта бірлескен мәлімдемесінде жарияламақ. 

Бақыт Топтаева, Жандос Битабаров