БҚО-да Ресей шекарасына дейінгі республикалық жолдың жайы сын көтермейді

Батыс Қазақстан облысында жол сапасы жыр болды. Ресей шекарасына дейінгі республикалық автожолдың жайы сын көтермейді. Күре жол ұзақ жылдан бері, шұрық-тесік күйде жатыр. Үгітілген асфальт, қар ерігенде түгі қалмайтын түрі бар. Тұрғындар талай мәрте шағым айтып келеді. Бірақ нәтиже жоқ. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Біз дәл қазір Ақсай қаласына іс сапармен бара жатырмыз. Жолдың жайы мәз емес екен. Діттеген жерімізге бір жарым сағатта жетуге болар еді. Әйткенмен, мынадай шұрық-тесік жолды көргенде уақыт үнемдемек түгілі аман-есен жетсек болды деп келе жатырмыз.

Жолдың әр жеріндегі ойықтан көз сүрінеді. Жүргізушілер рульді оңды-солды бұрып, шұңқырға түсіп кетпеудің амалын іздеп жүр. Трасса бойында сынған және дөңгелегі жарылған бірнеше көлікті байқадық.

Саят Үкібаев, жүргізуші:

- Бұрыннан бері ғой. Қар кетті, быт-шыт болып жатыр. Әне дөңгелек жарылып қалды. Сол шұңқырмен барғанда бүкіл ходовканы құртады ғой.

Манарбек Каламанов, жүргізуші:

- Қазір өте нашар. Біз жиі жүреміз. Жұмасына 10-15 рет барып келетін шығармыз Оралға. Екі ортада жаман негізі жол. 

«Подстепное-Фёдоровка-РФ шекарасы» бағытындағы республикалық автожолдың ұзындығы 144 шақырым. Күре жолдың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Әсіресе трассаның Орал мен Ақсай қалалары арасындағы бөлігінде көлік ағыны бір сәт толастаған емес. Жол өткен ғасырдың 70-жылдары салынған. Содан бері жамау жұмыстары ғана болмаса, күрделі жөндеу мүлде жүргізілмеген. Дәл қазір асфальт деген аты ғана бар. «Қазавтожол» өкілдері трассаны жөндеу үшін былтыр жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілгенін айтты. Сапасы жағынан бұл күре жолды 3-санаттан екіншіге көтеру көзделген. Алайда ұлттық компанияның филиал директоры жоба құны мен мерзімін дөп басып айтпады.

Әмір Кәрімбаев, «Қазавтожол» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры:

- Енді оны республикалық бюджет есебінен бірінші кезекте қаржыландыру. Сонымен қатар халықаралық қаржы институттары көзінен. Сонымен қатар осы біздің облыста орналасқан ҚПО арқылы осы жобаны іске асыру жоспарланып жатыр. Биыл анықталатын болса, онда қажетті құжаттар астанадан келгесін тендер жұмыстары басталады да бір-екі айда мердігерді анықтауға болады. Ол екі жолақ болып қалады да бірақ оның жүру жолағы 9 метр болады. Сонда қарама-қарсы келе жатқан машиналар бір-біріне қарама-қарсы бағытта өтуі ыңғайлы болып есептеледі.

Биыл құрылыс материалдары күрт қымбаттады. Салдарынан біраз әлеуметтік жобалар тұралап қалды. Республикалық жолдың да жобалық-сметалық құжаттары өткен жылы дайындалғанын ескерсек, нарықтағы баға құрылыс мерзіміне кері әсер етуі мүмкін бе?

Әмір Кәрімбаев, «Қазавтожол» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры:

- 2021 мен 2022 жылды салыстырғанда бүгінгі күні материалдардың қымбаттауы көрініп жатыр. Бірақ жоба жаңа жоба болып саналады. Жобаның мерзімі 3 жыл. Ертең тендер ойнатылған кезде осы жоба толығымен конкурс кезінде мердігерлерге, барлығына беріледі. Сонда мердігер ұйым осы жобаны алып, олар ішіндегі барлық материалдарын, барлық элементтерін, бәрін қайтадан есептеп, қайтадан қарайды өздері. Сала алатын болса, олар сол тендерге қатысып, соған байланысты скидканы да беруі қажет. Біздерде жалпы жол құрылысына ең негізгі материал сол – битум мен құмды-қиыршық тас қоспасы, сондай материалдар ғой. Ол біздің Қазақстанда жеткілікті. 

Тұрғындар күре жолдың күрмеулі мәселесі тезірек шешілгенін қалайды. Әйтпесе шұрық-тесік асфальттың енді бірер жылдан кейінгі күйін елестету қиын.

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов