Елімізде бір реттік электрондық темекіге әзірге тыйым салынбайды

Себебі денсаулық сақтау министрлігі әлі құрамын зерттеп, арнайы техникалық регламент әзірлеу үстінде. Бірақ шылымның бұл түрінен зардап шегіп жатқандар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең сорақысы темекіні мектеп оқушылары жиі ермек ете бастаған. Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекіге арналған ұлттық техрегламент жобасын дайындап жатыр. Ал қазақстандық жасөспірімдер дүкендерден емін-еркін шылым сатып алып жүр. Тіпті шылым шегудің соңы оқыс жағдаймен аяқталған деректер кездеседі.

Тұрғындардың бірі інісі осы вейпті қолданып, өлім аузынан қалған айтады. Ол ауырып, дәрігер көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.

Былтыр күзде Қазақстанда бір реттік электронды темекіге толық тыйым салу мәселесі талқыланған еді. Алайда кейін Денсаулық сақтау министрлігі бұл норманы Техникалық реттеу жобасына енгізбеді.

Розалина Ермекпаева, ҚР ДСМ азық-түлік емес тауарларға арналған ТР бақылау басқармасының жетекшісі:

– Техрегламент өнімнің қауіпсіздігін реттеуге арналған. Тыйым салуға емес. Тауарды сөрелерден алуға уәкілетті органдар бар. Өнімнің өкпеге және балаға зияны бар екені сөзсіз. Қазір тыйым салу туралы мәселе талқыланып жатыр.

Мамандар «Халық денсаулығы туралы» кодекстің 110-бабына сүйене отырып, шылымға тыйым салуға болатынын айтады. Дегенмен темекі индустриясының өкілдері мұндай шешімге қарсы. Олардың пікірінше, бұл көлеңкелі бизнесті көбейтеді. Арнайы дүкендердегі электронды темекі сататын  сатушылар нарықтан мүлде кетуі мүмкін.

Жандос Сапарқұлов, серіктестік директоры:

– Біз қазақстандық техрегламент жобасы бір реттік темекі саудасына тыйым салмай, оларға қойылатын талаптарды ЕАЭО регламентіне сәйкес келтірсе дейміз. Өйткені ЕАЭО техрегламентін енгізгеннен кейін біз оны басшылыққа аламыз. Тыйымдар тек қағаз жүзінде жұмыс істеуі мүмкін. Мұны кальян индустриясынан көруге болады. Мұндай әрекеттер контрабанда мен контрафактіні күшейтеді.

Қазақстанда темекі өнімдерінде миллиграмм никотин ғана болуы керек. ЕАЭО техрегламенті бойынша 20 миллиграмға дейін рұқсат етіледі. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі мұндай қарама-қайшылыққа нақты жауап бере алмайды. Олар әлі де электронды темекідегі никотиннің құрамын зерттеп жатыр. Ұлттық стандарт әзірленгеннен кейін техрегламент жобасына енгізіледі.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Жандос Битабаров