Ақтөбе облысының халқы газ желісіне қосуды сұрап отыр

Ақтөбе облысы, Қобда ауданына қарасты Жаңаталап ауылының тұрғындары елді мекенді газ желісіне қосуды сұрап отыр. Себебі қыста отын тасу қиын. Әрі көмір бағасы жыл сайын өсіп жатыр. 

Тұрдалиндер отбасы биылғы қысқа қажетті отынды мол жинап, тыңғылықты дайындалған. Оның ішінде көмірді жылдағыдан көп алыпты. Себебі былтыр жазда салып алған жаңа үйді жылытуға біраз отын керек. Күзде түсірген 5 тонна қатты отын көктемге дейін жетуі керек. 

Гүлзат Тұрдалина, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Араластырып жағамыз ғой: қи, ағаш, көмір. Сонымен жылиды. 1 күнде бір мезгілжағамыз. Үйдің іші поровой болған соң, жаңа үй болған соң тез жылиды. От жағудың өзі уақыт ұстайды. Газ күтіп отырмыз сондықтан.

Жаңаталап ауылында 400-ге жуық адам тұрады. Күз келісімен,  отын жинау басталады. Ауылдықтар үшін биылғы науқан оңайға соқпады.  Ақтөбе мен көрші Мәртөк ауданында көмірдің әр тоннасы шамамен мың теңгеге  қымбаттаған. Тасымалдау  ақысы тағы бар. Нәтижесінде, әр үй орта есеппен 100 мың теңгеден астам қаржыға қатты отын сатып алған. Ауылдықтар енді елдімекенді газ желісіне қосуды сұрап отыр. Себебі, малмен ғана күнелтіп отырған тұрғындардың жылда тонналдап көмір алуға жағадайы көтермейді.  

Ауылдықтардың талабы аудан әкімдігіне әлдеқашан жеткен. Жауапты бөлім қызметкерлері Жаңаталапқа газ тарту ісі былтыр басталғанын айтады. Енді алдағы күндері ауылішілік жұмыстар атқарылады.  Бұдан бөлек, көрші орналасқан тағы екі ауылды да көгілдір отын желісіне қосу көзделген.

Талғат Мадияр, аудандық Сәулет, құрылыс, ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Былтыр ол жерге құбыр жеткізілді. Енді қазір ішкі тарату жұмыстарын жүргізіп жатыр қазір. Сол жоспарға сәйкес мердігерге де тапсырылды. Сол күзге дейін бітіретін боламыз деп ойлаймыз. Газдандыру жұмыстарына жалпы құнын айтқанда бір миллиардқа жақын суммасы бар. Ол облыстық бюджеттен бөлінген. Жұмыстарға енді ешқандай кедергі болмайды деп ойлаймын енді.

Жалпы алғанда, Қобда ауданы бойынша биыл ірі елдімекендерді газбен қамту көрсеткішін 70 проценттен асыру жоспарда бар. Бұдан бөлек бес ауылда спорт нысандары салынбақ. Оның бірі осы Жаңаталапта бой көтереді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев