Кембағалдың күйін кешкен Кеңдала мектебі құлаудың аз-ақ алдында тұр

Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Кеңдала ауылындағы нөмірі 38-ші орта мектептің жағдайы мүшкіл. Сонау сексенінші жылдары салынған ғимаратқа көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Әбден тозығы жеткен білім ошағының қабырғасы қақырап, есіктері сықырлап, едені түскелі тұр. Мұғалімдер қанша шырылдағанымызбен, жауапты мекемелер асығар емес,–дейді.

Кеңдаланың мектебі екі ғимараттан тұрады екен. Біреуінде бастауыш, екіншісінде жоғарғы сыныптар оқиды. Кеңес заманында салынған ғимараттар 2000-ші жылы мектепке берілген. Содан бері жөндеу көрмеген. Едендегі төсеніштер жыртық жамау, фанерден жасалған есіктердің тозығы жеткен. Қабырғасы мен төбесіндегі сызаттар тіпті қауіпті. «Жаман айтпай жақсы жоқ, егер мектебіміз құлап кетіп жатса кім жауап береді»,-дейді мұғалімдер.

Ләззат Жақыпова, химия пәнінің мұғалімі:

– Алматы қаласының іргесінде тұрып, осындай мектепте оқу балалар үшін өте қиын және ұят деп ойлаймын. Едендеріміздің барлығы жыртылып жатыр және қабырғалармыз сөгіліп тұр. Балаларға еш жағдай жасалмаған.

Жанар Нұрғазиева, мектеп жұмысшысы:

– Көп кабинеттерді сүрту мүмкін емес қой. Барлығы жыртық. Балалар кейде құлап қалады. Баспалдақтан түсетін жердің өзі шұрық тесік болып жатыр. Балалардың жақсы мектепте оқығанын бізде қалаймыз ғой. Жөндеу жұмыстарын жасау да бізге қиын болып жатыр. Өте ауыр. Жылда жасаймыз ғой шамамыз келгенше.

300 балаға арналған мектепте қазір 435 бала оқиды. Екі ғимараттың арасы біраз жер. Мұғалімдер ары-бері қатынап жұмыс істейді. «Бұларға күрделі жөндеу жұмыстарын жасағанша, үлкен бір мектеп салып берсе»,– дейді Кеңдала тұрғындары.

Ғалия Төлемісова, №38-ші мектептің директоры:

– Өте қиын. Мен өзім желтоқсан айында келдім. Жүрегім ауырады шынын айтқанда. РЖөндеуден гөрі, жаңадан салынғаны дұрыс деп ойлаймын. Бастауышты да, жоғарғы сыныпты да қосып, бір мектепте оқыса, дұрыс болар еді.

Дене тәрбиесі денсаулық кепілі дейміз. Ал 38-ші мектептегі дене шынықтыру пәні осы аядай ғана алаңда өтеді екен. Бұл жерде оқушылардың спортпен шұғылдануына ешқандай жағдай жасалмаған. 

Қоқыс төгетін орын спорт алаңының қасында екен. Жоғарғы сыныптар оқитын жерде спортзал атымен жоқ. Мектептегі мәжіліс залының сиқы мынау. Асханасы мен мұғалімдер бөлмесі де қуыстай. Осының бәрін айтып, мұғалімдер бірнеше жылдан бері шырылдап келгенімен, жауапты мекемелердің жуық арада қимылдайтын түрі жоқ.

Ләззат Құрманбаева, Талғар ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

– 2018 жылдан бері 38-ші жалпы білім беретін мектепті күрделі жөндеуден өткізуге дайындық жұмыстары жүргізілді. ПСД жасауға қаражат сұралынып, осы 2021 жылы ПСД-сы дайындалды. Қорытындының негізінде 706 млн теңге күрделі жөндеуге бюджеттік сұраным берілді. Енді сол қаражат қай уақытта берілсе, сол кезде күрделі жөндеу жүргізіледі деп отырмыз.

Тозығы жеткен аядай ғана мектепте шаң жұтып жүрген оқушылар Кеңдаланың кең мектебінде оқитын күн туар ма екен?!

Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев