Ауыл шаруашылығын цифрландыру жеделдетіледі

Ауыл шаруашылығын цифрландыру жеделдетіледі

Елде ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру үдетіледі. Бұл туралы Сенатта Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов айтты.

Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі кезде цифрландыруға арналған агроөнеркәсіп кешені жерлерінің 39 проценті сандық форматқа көшірілген.

"Қазақстан Ғарыш сапары" ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде қалған 61 процент жер телімдерін жоспардағы 5 жылда емес, небәрі 2 жылда игеру көзделген деді вице-министр. Жерді қашықтан зондтау арқылы 8,3 млн гектарға жуық қолданылмайтын учаске анықталып, 2,6 млн гектар жайылымдық жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Алайда Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, ғарыш мониторингі жүйесін әлде де жетілдіру керек.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Координат жүйесі бізде ескі. Картографиялық база жасау үшін біз жаңа жүйеге ауысуымыз керек. Қазіргі координат жүйесі 1942 жылы енгізілген. Содан бері келе жатырмыз. ТМД елдерінен тек Қазақстан мен Түрікменстан қалып отыр. Қазақстан Ғарыш сапары небәрі 5 дақылды ғарыштан анықтай алады. Бізде 30 шақты дақылымыз бар.