Талдықорғанда құрылысшылар жалақы ала алмай жүр

Талдықорғандағы қаңтар оқиғасы кезінде бүлінген ғимараттарды қалпына келтіруге жұмылдырылған құрылысшылар әлі күнге дейін жалақысын алмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәлірек айтсақ, біздің редакциямызға облыс орталығындағы бұрынғы «Нұр Отан» партиясының ғимаратын жөндеп жатқан жұмысшылар шағымданды. Бұл нысанда қазір 50 шақты адам жұмыс істейді. Олар қаңтар айынан бері атқарылған жұмыс көлемі үшін тек аванс алып келген. Оның өзін мердігер компания басшылығы өз қалтасынан төлепті. «Біз өз міндеттемемізді кестеден кешіктірген емеспіз. Керісінше, мердігер құрылыс материалдарын жеткізіп үлгермей жатыр. Жалақыны кешіктірмей, уақытылы төлесе болды. Одан өзге ешқандай талабымыз жоқ», – дейді жұмысшылар.

Қуаныш Төлеген, құрылысшы:

– Қаңтардың 15-нде бастағанбыз. Міне, бұйырса екі ай болды жұмыс жасағанымызға. Екі айдың ішінде фирманың бастығы өз қалталарынан құрылысшыларға 5 млн ақша бөлінген бастапқыда авансы берді. 90% жұмысы да бітіп тұр ішіндегі. Қалған жұмыс үшін ақшасын күнде ертең, күнде ертеңмен төлемеді. Істеген жұмысымыздың ақшасын берсін, болды. Басқа ешқандай талабымыз жоқ біздің.  

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Мердігерді шақырдық, басқа спонсорларды шақырып, бұл сұрақты біз шештік. Қаржыландыратын көздері, бәрі шешілді. Бүгін бірінші транш 15 миллиондай біз береміз деп жоспарлап отырмыз. Қалғандарын келесі аптада уже бере бастаймыз.