Оралда үш күннен бері толассыз қар жауып тұр

Ал кешеден бастап ақтүтек боран соқты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала көшелерінде көлік қозғалысы қиындады. Кейбір ықшам аудандарда көліктер ауладан шыға алмай қалды. Омбы қардан аяқ алып жүру де оңай емес. Коммуналдық кәсіпорын жолдарды аршып үлгермей жатыр. Шеткері шағын аудандар түгілі қаланың қақ ортасында да жағдай мәз емес. Толассыз жауған қар мен ақтүтек боран қатынасты қиындатып жіберді. «Ал коммуналдық кәсіпорын көшелерді уақытында тазартпайды» – дейді тұрғындар.

– Тазалап жатқан көліктерді көрген жоқпын, шынын айтқанда. Мен бүгін жұмысқа машинамен бара алмадым. Машинаны қалдырдым.

– Аршып жатқан техниканы көрген жоқпын. Қар жауып тұр. Көлік кептелісі бар. Қиындық бар жолда. Бір ізбен келдік.

Коммуналдық кәсіпорын директорының айтуынша, қызметкерлер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Күндізгі ауысымға 181 арнайы техника жұмылдырылыпты. Алайда қала аумағын тазалап үлгермей жатқанын жасырмады. Кеше түнде 10 күндік нормадан көп қар түскен. Тиісті жұмыстарды ширатуға қосымша еңбек күші қажет.

Ринат Нұрғалиев, коммуналдық кәсіпорын директоры:

– Енді қазір мекеменің қызметкерлері, қол жұмысшылары бар, жүргізушілер, механизаторлар бар, солар екінші тәулік жұмыстарын жалғастыруда. Күндізгі ауысымда біздер сыпыртып-тазалап алғаннан кейін, түнгі ауысымда сол қарларды шығарамыз. Жыл сайын техниканы жаңартып жатырмыз. Күнделікті қала өсіп жатыр. Сондықтан біздер қосымша кісілер алып жатырмыз. 50 адамға тағы да қосымша сұраныс бердік.

Қыс басталғалы бері қаладан 700 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Қолданыстағы 4 полигонның үшеуі толып қалған. Синоптиктердің болжауынша, шаһарда әлі бірнеше күн толассыз қар жаууы мүмкін.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов