Алматы іргесіндегі тұрғындар үшін мектеп арманға айналды

Алматы іргесіндегі «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындары үшін мектеп арманға айналды, деп хабарлайды «Хабар 24».

30 мыңдай адам қоныстанған кешенде орта білім беретін мектеп жоқ. Сондықтан мұндағы 3 мыңнан астам оқушы қала мен жақын маңдағы ауылдарға барып білім алуға мәжбүр. Ал тұрғын үй жанында салына бастаған мектеп құрылысы мүлдем тоқтап қалған.

Такси жалдау ата-аналар үшін қосымша шығын екені рас. Бұған қоса қалаға немесе көрші ауылдардағы мектептерге балаларын апарып оқыту өте қолайсыз. Тұрғындар бұл мәселені жыл сайын айтумен келеді.

Ардағым Сейполдина, тұрғын:

- Мысалы, біз 7 жыл бойы күтудеміз. Ол мектепті әне салады, міне салады, жер жоқ деп жатыр. Бірақ осы уақытқа дейін 7 жыл ішінде оны шешуге болар еді. Өйткені бізде қаншама бала бар.

Алмас Қалиев, тұрғын:

- Біздің тілегіміз бар, кейбір жағынан үндеу білдіргіміз келеді. Тезірек шешілсе екен.

«Асыл арманға» ең жақыны – Кемертоған ауылындағы орта мектеп. Бірақ 1200 оқушыға лайықталып салынған білім шаңырағында қазір 4 мыңға жуық бала, 3 ауысымда оқып жатыр. Егер жаңа мектеп салынса, бізге де жеңіл болар еді дейді кемертоғандық ұстаздар.

Халида Атабаева, Кемертоған орта мектебі  директорының міндетін атқарушы:

- Бізге қазір «Асыл арманнан» 956 оқушы келеді. Бірақ осы тоқсанмен тағы да көбейіп тұр. Сонымен қатар оның ішінде 656 бала тасымалға жатады. Екі автобус күніне 6 рейстен тасымалдайды оқушыларды. Қалған оқушылар ата-аналардың көмегімен келіп қатынап оқып отыр.

Екі жыл бұрын «Асыл арманда» жаңа мектеп салу үшін 6 гектар жер бөлінген.

Алмас Садуақас, тілші:

- Ал 1200 оқушыға арналған орта мектептің құрылысы былтыр тұрғын үй кешенінің іргесінде яғни мына жерде басталады. Айналасы қоршалып, қазандық қазылғаннан кейін құрылыс тоқтайды. Қашан жалғасары белгісіз болып тұр.

Бұл мәселені Іргелі ауылдық округі әкімдігінен сұрастырдық. Мамандардың айтуынша, мектептің толықтай бітуіне «Advento» серіктестігі жауапты. Базар нарқының қымбаттауы да кері әсерін тигізді дейді.

Өміржан Апсаматов, Іргелі ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Себебі бәрімізге белгілі құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты 2-3 есеге қымбаттап кетті ғой. Сол себепті жобаны қайта санау жұмыстары жүргізілуде. Сол себепті тоқтап тұр. Енді жобаны қайта санау жұмыстары аяқталғаннан кейін нақты құрылыс жұмыстары жалғастырылады.

Қазір құрылыс компаниясы, аудандық әкімдікпен Білім және ғылым министрлігі арасында мектептің құрылысын жалғастыру жөнінде үшжақты келісім жүргізілуде. Жалпы, іргелі ауылдық округінде 3 мектеп болса, мектеп жасындағы бала саны 7200-ден асады. Сондықтан «Асыл арманда» білім ошағын ашу кезек күттірмейтін мәселе.

А.Садуақас, Ә.Нарынбаев