Коронавирусқа екі жыл: қалай күрестік және не түйдік?

Осыдан тура 2 жыл бұрын Қазақстанда алғаш рет коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

COVID-19 Германиядан ұшып келген екі азаматтан табылды. Бұл жағдайдан кейін 3 күннен соң республика аумағында тұтастай төтенше жағдай режимі енгізілген еді. Қазақстандықтар осынау ауыр кезеңді қалай өткерді? Көзге көрінбейтін жаумен қалай күресті? Еске түсіріп көрейік.

Жандарбек Бекшиннің бұл болжамы дәл келген еді. Бірақ «ақыры вирус келуі керек» деген сөзі халық арасында әзілге айналғаны есімізде. Кейін «көп күлген бір жылайдының» кебін кидік. Өйткені әу баста вирустың барына көпшілік сенбеді. Мән бермеді. Шет елдердегі эпидахуал бізді айналып өтетіндей көрінді. Алайда вирус салдарынан Қазақстанда адам шығыны басталғанда жағамызды ұстадық. Ал күні кеше көз алдыңда жүрген танысың немесе туысың індеттен қайтыс болғанын естігенде қара жамылдық. Әлеуметтік қашықтық сақтап, оқшауландық. Әсіресе егде жастағы адамдарға қиын болды. Медициналық қорғаныш заттарына сұраныс артты. Тапшылық байқалды. Ауруханалар науқастарға толды. Қоғамдық орындар, кинотеатрлар жабылды. Той өткізуге тыйым салынды. Жұмыс орындарында ПТР тестілеу нәтижесі мен вакцина төлқұжатын көрсету міндеттелді. «Ашық» жүйесі енгізілді. Жаңа штамдар пайда болды. Халықты жаппай вакциналау және қайта вакциналау науқаны басталды.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Бүгінгі таңда министрлік QazVac вакцинасының 2,5 мыңдай дозасына келісімшартқа келіп отыр. Енді ол өзіміздің тиісті топтардың қанша адам алу керек соның саны бойынша беріп отырмыз. Қазіргі таңда ревакцинацияға QazVac, сосын Қытай вакцинасы СиноФарм, Pfizer вакциналары бар.

Ресейдегі санкцияларға байланысты көрші елдерден медикамент тасымалдау бойынша мәселелер болуы мүмкін деген ақпар шындыққа жанаспайды. Өйткені Қазақстандағы қор көлемі азаматтарға біраз уақытқа жетеді дейді министр.

Ажар Ғиният, ҚР денсаулық сақтау министрі:

- Украина, Беларусь және Ресей Федерациясынан басым бөлігі келеді деп айта алмаймын. 70 пайызын біз шетелден аламыз. ТМД елдерінен. Мысалы Ресей, Беларусь, Украина елдерінен бізге 2 пайыздан келеді екен. Бүгінгі таңда СК Фармация осы жылы керек дәрі-дәрмектің 93 пайызын алып қойған. Олардың 50 пайыздан артығы қоймаларымызда.

Сарапшылардың айтуынша, пандемияны біржола жеңудің жалғыз жолы - вакциналау. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін 10 млн адамға екпе салу жоспарланған еді. Қазіргі таңда иммундаудан 9,5 млн азамат өтті. 2,5 млн-ы қайта вакциналанды.

Айта кеткен жөн, елімізде коронавирус басталғалы 1 млн 300 мың адамнан індет белгілері анықталды. Көбі жұқпалы ауруды жеңе білді. Өкінішке қарай, 13 мыңнан астамы қайтыс болды.

Мирлан Алтынбек