Ақтөбе әуежайына 17 наурыздан бастап ұшақ қабылдауға тыйым салынған

Ақтөбе халықаралық әуежайының ұшып қону жолағы уақытша жабылады.

Бұл туралы Қазақстан авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары Нұрбек Бекмұхамбетов мәлімдеді. Себебі ұшақ жолына төселген бетон жабындысы ескіріп, әуе көлігіне қауіп төндіре бастаған.

Алайда «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайының» өз өкілдері жолаушылар мен жүк тасымалы кестеге сай жүзеге асырылады деп жайбарақат. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс?

Әлия Молдағұлова атындағы әуежайдың ұшып қону жолағындағы  ақаулық туралы әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.  Салдарынан отандық әуе компанияларының осы жерден көкке көтерілген ұшақтарына зақым келгені  мәлім болды. Мәселен, бір ұшақтың қозғалтқышынан қиыршық тас табылса, екіншісінің дөңгелегі жарамсыз боп қалған. Алайда әуежай басшылығы  жолақты  қанағаттанарлық жағдайда дейді. Ал сапасы сын көтермейтін тұстарды жөндеуге былтыр кіріскен. 

Дастан Малиев, «Әлия Молдағұлова Халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы:

- Былтыр біз 230 бетон плитасын жаңарттық. Ұшып қону жолағын бұрынғыдай битум немесе мастикамен емес арнайы қоспамен бекітеміз. Күн жылығаннан кейін бұл жұмыс жалғасады. Шамамен 350 бетон плитасын жаңартуды жоспарлап отырмыз.

Алайда тексеру жұмыстарын жүргізген құзырлы орган өкілдері жөндеу жұмыстарын кейінге қалдыруға боламайды деп шешті. Сондықтан әуежайға 17 наурыздан бастап ұшақ қабылдауға тыйым салыпты. 

Нұрбек Бекмұхамбетов, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі бас директорының орынбасары:

- Әуежай 17 наурызға дейін ғана ұшақ қабылдай алады. Одан кейін ұшып қону жолағын пайдалану тоқтатылуы тиіс. Сәйкесінше жолаушылар да жүк тасымалы да тоқтатылады. Аэродром жөндеу жұмыстарын толықтай аяқтағанша жабық болады.

Руслан Қамбаров, Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары:

- Ұшақтың бұрылып, жүру жолдарын жедел ауыстыру қажет деп шештік. Тез арада жөнделуі тиіс учаскелер анықталды.

Әкімдік пен әуе қатынасы қауіпсіздігіне жауапты құзырлы орган өкілдерінің жұмысты тоқтату туралы шешіміне қарамастан әуежай басшылығы жолаушыларға қызмет кестеге сай көрсетіледі деп мәлімдеді. Акционерлік қоғамның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта отандық әуе компаниялары да қатынасты үзбейтіндігі жазылған. Әуе айлағы өкілдері 16 наурызға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деп отыр. 

Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев