Қазақстан Украинаға 28 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Қазақстан Украинаға гуманитарлық көмек жөнелтті. Жүк ұшағы жаңа біразда, яғни сағат таңғы сегізде Алматыдан Польшаға аттанды.

Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 28 тонна. Онда 17 түрлі дәрі-дәрмек пен санитарлық бұйымдар бар. Бұдан бұрын Украина тарапынан өтініш түскен соң мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев украин халқына шұғыл гуманитарлық көмек көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осылайша денсаулық сақтау мен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері бірлесіп Алматы-Катовице бағыты бойынша гуманитарлық жүкті әуе кемесімен жеткізу мәселесін шешкен. Гуманитарлық көмектің бас-аяғы бұл ғана емес. Ертең де жөнелтіледі.

Шолпан Әділбекова, «СҚ Фармация» ЖШС өкілі:

- ҚР президентінің жолдамасы бойынша дәрі-дәрмектің бірнеше түрі жіберіліп жатыр. Бұл екі рейспен жіберіледі. 14 наурыз және 15 наурызда. Денсаулық сақтау министрлігі және ҚР ИИДМ көмегімен Алматы-Катовице-Польша арқылы гуманитарлық көмек жіберіліп отыр.