Қаңтар оқиғасы кезінде 7 дүкені тоналған кәсіпкер сотқа иек артады

Қаңтар оқиғасы кезінде Зупар Мырзахметовтің Алматыдағы 7 бірдей дүкені тоналған. 2011 жылдан бері зергерлік бұйымдар сатып келген кәсіпкер енді соттан үміт күтеді.

2011 жылы отандық күмістен жасалған зергерлік бұйымдарды сатуды қолға алған Зупар Мырзахметов Алматыдан шағын дүкен ашады. Сапалы тауарларға сұраныс артып тапсырыстар көбейе бастаған соң тек Алматы емес, аймақтардан да зергерлік орталықтар ашып кәсібін өрістетуге шындап кіріседі. Алайда кәсіпкердің үлкен жоспарына алдымен әлемдік пандемия кедергісін туғызса, енді міне қаңтар оқиғасы қолын байлап отыр.

Зупар Мырзахметов, кәсіпкер:

- Шығын мөлшері шамамен 250 миллион теңге. Енді сот сараптамасы қалай шығады сонда нақты белгілі болады. Өтемақы алудың екі жолы болды біз сол сот сараптамасына жүгіндік. Тек уақыт созылып барады демесек, бұл механизмде ешқандай түсініспеушілік жоқ. Әкімшілік күнде хабарласып қолдау білдіріп отыр. Біраз дүкеннің құжаттарын толықтай жинап өткіздік. Енді кейбір сауда орындарының құжаттарын әлі жинастырып жатырмыз. Сот сараптамасы 30 күннің ішінде шығады дейді. 

Алматыда тоналған 7 дүкенді аяққа тұрғызу үшін аймақтардағы сауда орындарын жабуға мәжбүр болдық. Нәтижесінде Петропавл мен Қостанай және Қарағанды қаласындағы жұмыс орындарын және клиенттерімізді жоғалтып алдық, дейді кәсіпкер.

Зупар Мырзахметов, кәсіпкер:

- Мен қазір заңды түрде жұмыс жасап, жыл сайын салық төлеп отырғаныма қуанып отырмын. Өйткені құжат жинау кезінде ешқандай қиыншылық болған жоқ. Сондықтан кәсібімді бірден заңдастырып алғаныма еш өкінбеймін. Алаңдататыны  уақыт өтіп жатыр. Тауардың бағасы да тұрақты емес. Күннен күнге қымбаттап барады.

Кәсіпкер өтемақы мәселесі тезірек шешілсе екен дейді. Өйткені баға шарықтап барады. Ал шығынды қайтару уақыт өткен сайын қиындай бермек.

Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев