Қаңтар оқиғаларынан кейінгі залал келтірілген барлық нысанға техникалық тексеріс жүргізілді.
Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр айтты.
Соған сәйкес 28 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ 14 ғимаратқа күрделі жөндеу және реконструкциялау жұмыстарының қажеттілігі анықталды.
«Бүгінгі таңда 21 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Наурыз айының соңына дейін 5 ғимаратқа, биылғы мамыр және маусым айларында қалған 2 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Күрделі жөндеу мен реконструкциялауды қажет ететін 14 мемлекеттік нысанда жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Скляр.
Кестеге сәйкес 7 ғимаратта жұмыстар наурыз айында, 5 нысанда маусым айында аяқталады.
«Едәуір келтірілген зақымды ескере отырып, Алматы қаласы әкімдігі мен «Қазақстан» ТРК ғимаратын қайта жаңарту жұмыстары биылғы қазан айында аяқталады деп күтілуде», – дегенді қосты ол.