Ақмола облысында биыл 20 млн түп ағаш егіледі

Ақмола облысында биыл 20 млн түп ағаш егіледі. Осылайша 3 мың гектардан астам алқап көгалдандырылмақ. Естеріңізде болса, осыдан 1 жарым жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті министрлікке 2025 жылға дейін елде 2 млрд көшетті егуді тапсырған болатын. Бұл межеге жету үшін ақмолалық орманшыларға 5 жылда 225 млн дана ағашты жерсіндіру жүктелген. Игі істің орындалу барысы қалай?

Зеренді ауданындағы 50 гектар аумақты алып жатқан бұл тұқым бағында биыл 1 жарым млн дана қарағай көшеті дайындалады. Өскіндер 100 гектар жерді көгалдандыруға жұмсалмақ. Ағаш егу жұмыстары бұйыртса, сәуір айында басталады. 

Батырбек Баядилов, орман шаруашылығы директорының орынбасары:

- Питомнигімізде 50-ден астам адам қызмет жасайды. Сол міне қазір қыстан шығып, көктемге дайындалып жатырмыз. Қардың тез еруіне көмектесіп, қарды орнынан қозғалту үшін техника жіберіп соны дайындап жатырмыз. Биыл жорамал бойынша көктем ерте келеді деп жатыр. Сондықтан ертерек біз қозғалып жатырмыз. 

Ал орманшылар көшетті тұқымынан өсіреді. Оның өзі оңай емес. Себебі 100 тонна қарағай бүршігінен небәрі 1 тонна ғана дән алынады, дейді мамандар. Ал олар бірнеше жылдан кейін барып басқа жерге көшіруге болатын өскіндерге айналады.   

Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Біз негізінен қайың мен қарағай егеміз. Одан бөлек биыл үйеңкі мен қарағашты да отырғызып көреміз. Ол үшін былтыр жапырақты ағаштардың тұқымынан 10 тонна жинадық. Алдымызға қойылған міндетті атқару үшін барымызды саламыз. 

Орман шаруашылығында жұмсалған қыруар қаржы мен жасалған есіл еңбек далаға кетпеу үшін құзырлы органдар өскіндердің егу барысы мен олардың өсуін де қадағалайды. Мамандардың айтуынша, қазір облыста көшеттердің 73 проценті толық өсіп жетіледі және бұл жаман көрсеткіш емес.

Дінәлі Айтқожин, Аумақтық орман шаруашылығы инспекциясының бас маманы:

- Инспекция мамандары көшеттің сапасынан бастап, ағаш егу технологиясының сақталуы, қанша жерге неше түп ағаш егілгені, тіпті көшетті көшіру барысын да тексереді. Орманшылар жоспарлы жұмысынан бөлек өрт болған алқаптардың орнын толтыруға да міндеттеледі.

Ал Президент тапсырмасын орындау үшін аймақта әлі 200 млн жуық ағаш отырғызылуы тиіс.

Сондықтан орманшылар «алдағы жылдары атқаратын жұмыс көп», - дейді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Орман алқаптарын одан әрі көбейту үшін облыста алдағы жылдары екі бірдей тұқым бағы салынады. Олардың бірі Атбасар ауданында, ал екіншісі Көкшетау қаласында бой көтермек. Ал олардың әрқайсысында жыл сайын миллиондаған дана көшет өсіріледі.

Дамир Берікұлы, Виктор Полянный